Өскеменде ауаға тараған белгісіз зат бойынша зерттеу жүргізіліп, ауада хлор мен басқа да зиянды заттар нормадан аспағаны анықталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Кеше сағат 16:00 шамасында «Өскемен титан-магний комбинаты» аумағында ауаға белгісіз заттың тарағаны тіркелді. Осыған байланысты оқиға орнына жедел түрде жергілікті билік, Төтенше жағдайлар департаменті, экология және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары келіп, тексеру жүргізді.
Комбинаттың мәліметінше, №3 хлорлау қондырғысында жоспардан тыс техникалық жұмыс жүргізілген. Сол сәтте бір бөлшек құлап, түтін жүретін құбыр бітеліп қалған. Кәсіпорынның зертханасы санитарлық-қорғау аймағындағы ауа құрамын тексеріп, хлор шекті деңгейден аспағанын хабарлады.
Алайда тұрғындар әлеуметтік желілерде көзге көрінетін қою түтіннің видеоларын жариялаған соң, облыстық экология департаменті бақылау нүктелерінен кешкі 23:00-ге дейін қосымша өлшеулер жүргізді. Нәтижесінде, ауа құрамында шекті мөлшерден асатын зиянды заттар анықталмады.
Төтенше жағдайлар департаменті сағат 18:21-де сары түсті зат таралғаны туралы хабарлама алған. Осыған орай 8 түрлі жерден 144 рет ауа үлгісі алынды. Сараптамаға хлор, тұз қышқылы, күкірт диоксиді, аммиак, қорғасын және тағы басқа 18 түрлі зат енгізілді. Зерттеу нәтижесінде олардың ешқайсысы шекті мөлшерден аспағаны анықталды, – делінген әкімдік хабарламасында.
Қазір Согра ауданындағы мектеп оқушылары қашықтан оқып жатыр. 20 мамырда комбинат маңындағы елді мекендерде қосымша зерттеу жүргізіледі. Облыс әкімдігі жедел штаб құрып, жауапты органдарға мониторингті күшейтуді тапсырды.
Жергілікті тұрғындарға тек ресми ақпарат көздеріне сену сұралды. Денсаулығына байланысты шағымданған азаматтар тіркелмеген.