Аймақ

Өскемендегі қираған көпір қайта жөнделмек

14:15, 29 желтоқсан 2025 72

Өскемендегі қираған көпір келер жылы қайта жөнделетін болды. Ертіс өзенінің үстіне салынған өткел биыл қыркүйек айында құлап қалған. Себебі күрделі жөндеу жұмыстары тым ұзаққа созылса да сапасыз болып шықты. Сондықтан қазір қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер анықталып жатыр, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Өткен аптада тұрғындармен есептік кездесу өткізген облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов «Шнейдер көпірі» келесі жылы күрделі жөндеуден өткізілетінін айтты. Себебі өткелдің бетон төсеніштері тозған екен.

Сондықтан оқушылар жазғы демалысқа шығып, көлік нөпірі азайған кезде көпірді жөндеуден өткіземіз дейді облыс әкімі. Шығыс Қазақстан облысында көлік, жол саласында күрмеуі шешілмеген проблема көп. Тіпті әкім әкелген кадрлар да облыстың инфрақұрылымын жақсартудың орнына істі болып, тергеліп жатыр.

Мәселен, жазда ғана облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған Данияр Уахитов осы «Шнейдер көпіріндегі» апаттан кейін қызметінен босатылды. Оны облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қызметіне кіріскеннен соң 4 айдан кейін аудан әкімінің орынбасары лауазымынан бірден басқарма басшысы деңгейіне көтерген болатын.

Екеуі бұрын Ұлан ауданында бірге қызмет атқарды. Нұрымбет Сақтағанов – аудан әкімі, Данияр Уахитов – осы ауданға қарасты Таврия ауылдық округінің әкімі болған.

Данияр Асқарұлы 17 жылдық еңбек өтілі бар, 9 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеген мол тәжірибесі бар. Оған жолаушылар көлігінің үздіксіз қозғалысын, жолдардың мерзімінде және сапалы жөнделуін, өңірде жаңа жол магистральдарын салуды қамтамасыз ету сынды маңызды әрі жауапты жұмыс бағыты тапсырылып отыр», – деді өңір басшысы тағайындау кезінде. 

Мұндай міндеттерді атқару барысында олқылықтар болса керек, желтоқсан айының басында әлеуметтік желілерде Данияр Уахитов 150 млн. теңге парамен ұсталды деген ақпарат тарады. Ал, Hronika.kz порталы жолдаған ресми сауалға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Данияр Уахитовқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатқандығын мәлімдеген.

Осы жағдайдан кейін басқарма басшысы қызметтен жеделтүрде босатылған. Ал, облыс әкімінің баспасөз қызметі журналистердің сауалына «лауазымды шенеунікті қызметтен алып тастау сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында жүргізілгендігін, Данияр Уахитовтың іс-әрекеттерінде заңға қайшы тұстары бар, материалдар құқық қорғау органдарының қарауында» деп сырғытпа жауап берді.

 

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз