Зеңгер Айгүл Орынбек әлеуметтік желідегі жазбасында ел ішіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Ол Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаевтың кездесуін тілге тиек етіп, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қатысты пікірін білдірді.
«Зейнетке кеткен атам өз халқының бейбіт өмірі үшін тыныш жатқанын қалаймын. Ал бұл кісіні Владимир Путинге қайта-қайта кім жіберіп жүргенін Ұлттық қауіпсіздік комитеті анықтауы керек. Бұрын 16 желтоқсан таяғанда үрейленетін едік, енді қанды Қаңтар қайталанбасын деп алаңдап отыратын күйге жеттік. Қаңтар айының дәл алдында ұйымдастырылып отырған бұл кездесудің пиғылы күмәнді. Уақыты да, саяси салмағы да халықты алаңдатпай қоймайды. Егер осы кездесуден кейін ел ішінде тағы бір көтеріліс немесе тұрақсыздық орын алса, оның нақты себепкері кім болғанын халық анық білуі тиіс», — деп жазды ол.
Сондай-ақ заңгер қарапайым халықтың саяси үдерістердің ішкі астарын толық түсіне бермейтінін атап өтті.
«Күнделікті күйбең тіршілікпен жүрген, саясаттың ішкі астарынан хабары жоқ қарапайым халық көп нәрсені терең түсіне бермейді. Ал елде неге түбегейлі өзгеріс болмай жатыр деген сұрақтың жауабы біреу — іштен кедергі келтіріп отырғандар аз емес. Сондықтан, Қазақ елі! Әлеуметтік желідегі арандатушы ұрандарға, күмәнді үндеулерге ермеңіздер! Еліміздің тәуелсіздігін сақтау — оңай жол емес, ол әрқайсымыздың саналы ұстанымымызды талап етеді. Маңғаз Маңғыстауым, Шырайлы Оңтүстігім, Сабырлы Солтүстігім — бөлінбейік, арандатуға ермейік! Бірлік бар жерде ғана тұрақтылық бар. Ал тұрақтылық — тәуелсіздіктің тірегі», — деді Айгүл Орынбек.