Өскемендегі ойын-сауық орындарының бірінде болған жанжал салдарынан 40 жастағы полиция қызметкері қаза тапты. Оқиға кезінде ол қызметтен тыс уақытта болған, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Оқиға 4 қазанға қараған түні болған. Полицияның алдын ала мәліметінше, келушілердің бірі өзін әдепсіз ұстаған. 40 жастағы ер адам оған ескерту жасағаннан кейін арада жанжал туындаған.
Күдікті ер адамға дене жарақатын салған. Жәбірленуші алған жарақатынан көз жұмды. Сондай-ақ жанжал кезінде тағы бір келуші зардап шеккен.
Полиция марқұмның құқық қорғау органының қызметкері болғанын растады. Алайда оқиға болған сәтте ол қызметтік міндетін атқармаған.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жалғасып жатыр.