Қоғам

Орталық стадионда Джей Лоның концертін өткізуге «Қайрат» футбол клубы рұқсат бермеген

14:18, 22 мамыр 2025 44

«Қайрат» футбол клубы Алматының Орталық стадионында америкалық әнші Дженнифер Лопестің концертін өткізуге рұқсат бермеген деп хабарлайды bairaqmedia.kz

2025 жылдың 10 тамызында Орталық стадионда әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопестің концертін өткізу туралы ақпаратқа қатысты клуб мәлімдеме жасады. «Қайрат» ФК бұл шараның клубпен келісілмегенін айтып отыр. 

16 мамырда «Қайрат» ФК Алматы қаласының Спорттық нысандар дирекциясынан Орталық стадионды мәдени шараға алдын ала брондау туралы ресми хабарлама алды. Жауап ретінде ресми хатта клуб Қазақстан чемпионаты премьер-лигасының бекітілген спорттық күнтізбесіне, сондай-ақ «Қайрат» футбол клубының еурокубок аясындағы халықаралық міндеттемелеріне байланысты бұл уақытта стадионды пайдалануға болмайтынын хабарлады, – делінген хабарламада.

Бұл күні Орталық стадионда басқа шара өтуі мүмкін екен.  Яғни, республикалық жарыс күнтізбесіне енген «Қайрат» ФК — «Жеңіс» ФК ресми матчы 9 немесе 10 тамызда стадионда өтеді деп жоспарланған. Сонымен қатар, 7 және 12 тамызда команда еурокубокқа қатыспақ. 

Осыған байланысты стадион УЕФА талаптарына сәйкес міндетті түрде дайындалады. Бұл күндері басқа шараларды өткізуге болмайды, – делінген футбол клубы мәлімдемесінде.

«Қайрат» ФК мәдени бастамаларға құрметпен қарайтынын әрі диалогқа ашық екенін жеткізді.

Біз Орталық стадионды пайдалану кестесін әзірлеуде барлық мүдделі тараптың одан әрі сындарлы өзара әрекетін күтеміз, – деп мәлімдеді клуб.

Айта кетейік, Дженнифер Лопес 10 тамызда Алматы қаласында концерт өткізетіні туралы ақпаратты «Астана концерт» компаниясының продюсері Малик Хасенов мәлімдеген.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз