Оралда бір-бірін жарты ғасырдан астам уақыт бойы іздеген бауырлар табысып, қауышты. Анасынан айырылып, балалар үйіне тапсырылған ағайындының кенже інісі Аманбек Зинурашевті туыстары 54 жыл бойы іздеген. Бір әулеттің өмірлік сағынышына айналған азамат Оралдағы әлеуметтік орталықтан табылған. Бұл туралы bairaqmedia.kz Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Телефонға телмірген қос мұңлықтың бірі қазір Ақтөбеде, енді бірі Оралда. Бір-бірін бала кезден көрмеген бауырлар енді сымсыз байланыс арқылы шерін тарқатып отыр.
Айтуларынша, анасынан айрылған төрт бүлдіршінді туыстары балалар үйіне тапсырған. Көп ұзамай денсаулығында ақауы бар деген себеппен отбасының кенжесі Аманбекті басқа мекемеге ауыстырыпты. Үш жасар інісінен тірілей айырылған ағайындылардың іздегені 54 жылдан кейін табылған.
Қала тұрғыны Жетпісбай Қасмұханов бауырымен табысқан сәттегі қуанышын былай жеткізді:
«Ағайындармен кездесіп, айтып бәрін қуанып жатырмыз бәрін жан-жақтан. Бауырымды қалдырмаймын. Қалған уақыты, қалған өмірі менің қасымда өтсін енді. Мұны көрмегеніме 54 жыл болды ғой. Біз өскеннен кейін, армиядан келгеннен кейін мен бастап іздедім. Әкем қайтқаннан кейін».
Қазір Аманбек 57 жаста, денсаулығына байланысты 43 жылдан бері әлеуметтік орталықта тұрады. Әлдебір себеппен фамилиясының өзгертілуі іздеуді қиындатқан.
Алайда бұған мойымаған бауырлары інісінің дерегі табылған күні Ақтөбеден жетіп, құшағына басты.
Тағдыр тәлкегіне түскен ағайындыны алаяқтар да аямаған. Кейбірі тіпті өзін Аманбектің баласымын деп таныстырып, жерлеу рәсіміне ақша сұраған. Сондықтан туыстыққа көз жеткізу үшін құжаттары мұқият тексерілген.
Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Арман Даулетовтің айтуынша, Аманбектің денсаулығында белгілі бір шектеулер бар.
«Құлақ мүкістігі бар, сосын тілінің сөйлеу мүкістігі бар. Достарына менің братым бар деп айтып жүрген. Өзі негізі орыстілді, қазақша көп түсіне бермейді. Солай айтып жүрген. Туыстарының қатарына барғысы келеді қастарына. Жалпы қуанышты жағдайда, өзінің бет-әлпеті де, жүріс-тұрысы. Кеше бір күнге серуенге шығып келді туыстарымен. Жақсы қуанышты жағдайда жүр», – деді ол.
Ағасы Аманбекті үйіне алып кетпек. Осылайша 54 жылға созылған өмірлік сағынышын баспақ.
Ал Аманбек те бала кезде көз жазып қалған бауырларымен қауышар күнді асыға күтіп жүр.