Қоғам

«Өлтірмей, хотя бы ұрмады ма» дейді: Ләйлә Сұлтанқызы Нұрайдың қазасынан соң жігіттерге ескерту жасады

10:12, 15 қаңтар 2026 166

Шымкентте қаза тапқан жас қызға қатысты қоғамда резонанс тудырған оқиғаға танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы пікір білдірді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Ол марқұмның отбасына қайғыра көңіл айтып, бұл жағдайдың кез келген жанды бейжай қалдырмайтынын жеткізді.

Тележүргізушінің айтуынша, оқиғаны оқыған сәтте өз жан дүниесі астаң-кестең болған. Ол жас қыздың артында қалған армандарын, ата-анасының үмітін еске алып, бір адамның қатыгездігі бүтін бір өмірді қиратқанын атап өтті.

«Заң да, тәртіп те орындалар. Қадағаланар. Жаза берілер. Бірақ ол өмір бойы темір тордың ар жағында отырса да, Нұрай қайтып келмейді», — деді ол.

Ләйлә Сұлтанқызы желіде тарап жатқан «өлтірмей, ұрмады ма?», «өзі бүйткен шығар» деген пікірлердің адам төзгісіз екенін айтып, мұндай көзқарастарға қатаң қарсы екенін жеткізді.

Оның сөзінше, әр адамның әпкесі, қарындасы, анасы, қызы бар, сондықтан зорлық-зомбылықты ақтауға болмайды.

Тележүргізуші Қазақстан Республикасының Конституциясында адам өмірі ең қымбат қазына екені нақты жазылғанын еске салды. Ол ешбір адам соққыға да, күш көрсетуге де төзуге міндетті емес екенін атап өтті.
Сонымен қатар ол марқұмның анасымен толық келісетінін айтып, қылмыскерге қандай жаза берілсе де, ананың жүрек жарасы жазылмайтынын жеткізді.

«Бауыр етіңнен айырылудан ауыр жаза жоқ», — деді ол.

Сөз соңында Ләйлә Сұлтанқызы жігіттер қауымына арнайы үндеу жасады. Оның айтуынша, қыздың артынан қалмай қудалау, қайта-қайта іздеу — жігіттік емес, бұл сталкерлік және заңмен қудаланатын әрекет.

«Намыс — күш көрсету емес. Намыс — тоқтай білу. Намыс — “жоқ” дегенді қабылдау. Намыс — әлсізге қол көтермеу. Намыс — қорғау, қорлау емес. Мұны түсінбесек, тағы да кеш болады», — деп түйіндеді тележүргізуші.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз