Танымал журналист Динара Сәтжан продюсер Баян Алагөзова мен әншілер Мөлдір Әуелбекова, Балжан Бидаш арасындағы дауға қатысты ойын айтып, экс-солистердің әрекетін сынға алды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Журналистің айтуынша, қос әншінің әрекеті құрметсіздікке жатады.
«“КешYOU” тобына 20 жыл болды. Шынын айтсақ, бұл — нағыз бір армия. Иә, Баян талапшыл. Кейде қатал. Бірақ мықты тәлімгерлер ешқашан “ыңғайлы” болмайды. Олар адамға қысым жасайды, себебі сенің бойыңдағы өзің де өмір бойы аша алмауың мүмкін әлеуетті көреді», – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол осы уақыт ішінде «КешYOU» құрамынан ондаған қыздың өтіп, танымал өнер иесіне айналғанын атап өтті.
«Мөлдір Әуелбекова мен Балжан Бидаш ол кезде кім еді? Арманы мен амбициясы бар қарапайым қыздар. Ал бүгінде олар кім? Танымал, табысты, өз орнын тапқан әйелдер. Неге оларға алғыс айту соншалық қиын?» – деді журналист.
Динара Сәтжан продюсерлер Баян Алагөзова мен Бағым Мұхитденова шоу-бизнеске үлкен үлес қосқанын айтып, олардың еңбегін жоққа шығаруға болмайтынын жеткізді.
«Ешкім олардан табынуды сұрап отырған жоқ. Бірақ мансаптарына қосқан үлесті мойындау, мерейтойлық концертке қатысу — бұл құрметтің белгісі», – деп түйіндеді ол.