Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың пышақ жарақатынан қаза табуынан кейін Қызылорда тұрғыны Жазира Қуанышбай әлеуметтік желіде жазба жариялап, өз өміріне қауіп төніп тұрғанын айтты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Оның айтуынша, белгісіз бір адам жарты жылдан бері өзін мазалап келеді. Қыз әлеуметтік желідегі жазбасында бұл жағдайдың Нұрай Серікбайдың басынан өткен оқиғаға ұқсас екенін жеткізген.
«Тура Нұрайдың оқиғасы менің басымнан өтіп жатыр. Қызылордада тұрамын, полиция мен прокуратураға 2-3 рет арыз жаздым. Жүрген жерімде 102 шақырып қайтамын немесе жалғыз жүрмеймін. Прокуратура мұндай істі қарамайтынын айтып, полицияға ысыра салды. Ал полицияға бапты көрсетіп, сол адам туралы барлық деректі бердім. Аңдып жүрген фото, видео дәлел бар. Сонда да номенклатуралық іс деп жылы жауып қойды», – деп жазды ол.
Аталған жағдайға байланысты Қызылорда облыстық полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, сталкинг дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істің тергелу барысы департамент басшылығының бақылауында», – делінген полиция жауабында.