$ 457.21
 534.62
 6.08

Несиені уақытында төлей алмасаңыз не істеу керек?

Редактор
29.04.2026, 12:36
коллаж ЖИ көмегімен әзірленді
коллаж ЖИ көмегімен әзірленді
Қолданыстағы заңнама қарыз алушыларға өз мәселелерін реттеудің бірнеше жолын ұсынады

Несие алу – үлкен тәуекел. Уақыт өте келе қаржылық жағдайыңыз күрт өзгеруі мүмкін. Бірі қапыда қызметінен айырылады, енді бірі денсаулық жағдайына байланысты еңбек етуге жарамсыз болып қалады. Осындай қысылтаяң сәтте не істеу қажет? Қаржы ұйымдарына қарызы бар азаматтарға қайтпек керек?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз алушылардың құқықтарын қорғау және олардың кредиторлармен өзара әрекетін жеңілдету мақсатында заңнамада нақты тетіктер қарастырылғанын еске салады. Бұл тетіктер қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтарға қарыз міндеттемелерін реттеуге және заңды жолмен шешім табуға мүмкіндік береді.

НЕСИЕ ШАРТТАРЫН ҚАЛАЙ ӨЗГЕРТУГЕ БОЛАДЫ?

Қаржылық жағдайы нашарлаған кезде, қарыз алушы, ең алдымен, өз кредиторына (банкке, микроқаржы ұйымына немесе коллекторлық агенттікке) жүгінуі керек. Берешек  шарттарын өзгерту үшін жазбаша өтініш беру қажет. Бұл өтініште төлемдерді уақытында орындай алмау себептері нақты көрсетіліп, оған дәлел болатын құжаттар тіркелуге тиіс.  Мысалы, жұмыссыздық туралы анықтама, еңбек шартының тоқтатылғанын растайтын құжат, жалақысыз демалысқа шыққаны туралы мәлімет, денсаулық жағдайына немесе отбасылық жағдайларға байланысты анықтамалар, сондай-ақ материалдық шығынға ұшырағанын дәлелдейтін құжаттар ұсынылуы керек.

Өтінішті кредитордың кеңсесіне барып тапсыруға немесе келісімшартта көрсетілген жағдайда электрондық пошта мен мобильді қосымша арқылы жіберуге болады. Заң бойынша кредитор өтінішті 15 күнтізбелік күн ішінде қарап, шешім қабылдауға міндетті.

Егер кредитор ұсынған шешім қарыз алушыны қанағаттандырмаса, онда ол банк омбудсманына жүгіне алады. Банк омбудсманы институты осыдан 2 жыл бұрын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бастамасымен құрылған. Банктер бойынша банк омбудсманына, ал микроқаржы ұйымдары бойынша тиісті микроқаржы омбудсманына өтініш беруге болады. Бұл қызметтер тегін көрсетіледі және омбудсман қабылдаған шешімдер міндетті түрде орындалуға тиіс. Алайда омбудсманға жүгіну үшін алдымен кредиторға ресми түрде өтініш беріп, оның жауабын алу қажет. Банк омбудсманы кеңсесі заң бөлімінің басшысы Батыр Адайбаевтың айтуынша, банк омбудсманы құжаттарды алғаннан кейін бәрін талдап, екі тарапқа да тиімді шешім ұсынады.

"Қазақстанда кредит алған адам мен банк арасындағы келіспеушіліктерді шешуге көмектесетін обмудсман бар. Ол өзара ымыраға келуге көмектесетін делдал ретінде жұмыс істейді. Ал ең бастысы банк омбудсманы тегін қызмет көрсетеді. Ол қарыз шартының талаптарын өзгертуге, берешекті қайта құрылымдауға және банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты дауларды қарайды", – дейді сарапшы.

БАНК ОМБУДСМАНЫ ҚАНДАЙ КЕЗДЕ ӨТІНІШТЕРДІ ҚАРАУДАН БАС ТАРТАДЫ?

Қарыз алушы банк омбудсманына бірнеше құжатты ұсынуы керек. Банктік қарыз шарты мен төлем кестесі, банктік ұйымдарға жіберілген өтініштің көшірмесі және оның жауабы, қаржылық жағдайдың нашарлағанын растайтын құжаттарды өткізеді. Алайда ескеретін жайт бар. Егер іс сотқа жолданса, онда банк омбудсманы борышкерге көмектесе алмайды.

«Сот шешімі шықса немесе іс сотта әлі қаралып жатқан жағдайда банк омбудсманы қарыз алушыға көмектесе алмайды. Одан бөлек, банктік ұйымға жүгінуге дәлел болатын құжаттар болмаса, қарыз алушының өзі емес, оның орнына басқа азаматтар өтініш жолдаса немесе іс алаяқтық әрекеттерге қатысты болса, онда банк омбудсманы өтініштерді қараудан бас тартады», – деді Банк омбудсманы кеңсесі заң бөлімінің басшысы Батыр Адайбаев.

ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ БАНКОРТТЫҒЫН ҚАЛАЙ РӘСІМДЕУГЕ БОЛАДЫ?

Қазақстанда азаматтар кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындай алмаған жағдайда, олардың борыш жүктемесін азайтуға бағытталған заңды тетік ретінде жеке тұлғалардың банкроттығы тетігі қолданылады.

Берешек көлеміне және өзге де талаптарға қарай банкроттық рәсімі сот арқылы немесе соттан тыс тәртіппен жүргізіледі. Аталған рәсімге жүгінбес бұрын, оның ішінде берешекті қайта құрылымдау мәселесі бойынша кредиторға өтініш беру сияқты баламалы тәсілдерді қарастырған жөн.

Алайда, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ескеріп өткендей, бұл рәсім соңғы шара ретінде қарастырылады және қарызды реттеудің өзге мүмкіндіктері болмаған жағдайда ғана қолданылады.

Жалпы алғанда, қолданыстағы заңнама қарыз алушыларға өз мәселелерін реттеудің бірнеше жолын ұсынады. Ең бастысы, қиындық туындаған сәтте мәселені жасырмай, дер кезінде кредитормен байланыс орнатып, заңды мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек.