Кәсіпкер Тұрсын Алагөзов Шымкент сыра зауыты қызметкерлеріне ерекше сый жасады. Кәсіпорынның 50 жылдық мерейтойына орай ұжымға 50 пәтер кілтін табыстады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Бұл туралы продюсер Баян Алагөзова әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлап, қуанышын бөлісті.
«Шымкент сыра зауытының қызметкерлеріне тағы 50 пәтер – аңызға айналған кәсіпорынның 50 жылдығына орай! Мен сенімен қатты мақтанамын, жаным», – деп жазды ол.
Ал блогер Бейбіт Әлібек бұл бастаманың зауыт ардагерлеріне көрсетілген үлкен құрмет екенін атап өтті.
«Зауытта 46 жыл бойы еңбек еткен қызметкерлерге 50 пәтердің кілті табысталды. Тұрсынның сөзінде тұратын азамат екеніне тағы бір мәрте көзім жетті», – деп жазды ол.
Айта кетейік, Тұрсын Алагөзов бұған дейін де әлеуметтік жауапкершілік танытып, компаниясында 15 жылдан астам еңбек еткен 100 қызметкерге 100 пәтер сыйлаған еді.