Аймақ

Нағыз сәйгүліктер мен ең мықты балуандар анықталды: Ақсуатта ауқымды фестиваль өтті

14:43, 19 маусым 2025 35

Абай облысы, Ақсуат жерінде дәстүрлі «Асыл бесік – Ақсуат» республикалық спорт және өнер фестивалі өтті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Айтулы іс-шараның авторы – кәсіпкер, меценат, ел жанашыры Дулат Тастекей. Фестивальге Абай облысының әкімі Берік Уәли қолдау білдіріп, аудан әкімі Ерсін Кәдірбекұлы бастаған ел азаматтары жұмыла ат салысқан.


Қасиетті Құрбан айт мерекесімен қатар келгендіктен алдымен Ақсуаттағы Ырғызбай Досханаұлының кесенесінде 500 адамға құран оқытылып, құрбандық шалынды. Фестиваль шымылдығы аудандық театр өнерпаздарының өнерімен ашылып, кейін 30 адамнан құралған «Қазақша терапия» театрландырылған ән-жыр кешінің өнері тамашаланды.

Облыс әкімі Берік Уәли салтанатты сөз сөйлеп, елге қызмет етудің Абай еліндегі басты мұрат екенін атап өтті. Ол туған жерге жанашыр азаматтардың қолдауын үлгі етіп, барша кәсіпкерлерді туған өлкеге тірек болуға шақырып, ауданға 2 мектеп, мәдениет үйі және 2 спорт кешенінің салынатындығын да айтты. Сондай-ақ, Екпін ауылында 250 -300 орындық “ADAL HALL” қабылдау үйінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған сайыстар көрерменнің рухын көтерді. «ASSYL ARLAN» республикалық қазақ күресі турнирінде жеңімпаз атанғандарға автокөлік пен қомақты қаржылай сыйлықтар табысталды. Темір тұлпарға ие болған балуандар: Нұрдәулет Бақтыбайұлы (Шымкент) және Әділ Оразбаев (Абай облысы).

Сондай-ақ, Ақсуаттың тумасы, спортшы Мейіржан Берекетке де автокөлік кілті табысталды. Бұл – ел спортшыларына көрсетілген құрметтің айқын үлгісі болды.

Нағыз сәйгүліктер сайысына айналған  «ASSYL TULPAR» бәйгесінде - құнан, топ, аламан бәйгелерде елдің әр өңірінен келген жүйріктердің бағы мен бабы сынға түсті.

Үш күнге созылған фестиваль Ұлы Абайдың 180-жылдығына орай ашық аспан астындағы 50-адамнан құралған «Асыл тас» театрының “Абай әлемі” атты әсерлі қойылымымен жалғасып, ал шарықтау шегі Ы.Досханаұлы атындағы орталық стадионда өткен гала-концертке ұласты. Бұл кеште қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары – Майра Ілиясова, Қуандық Рахым, Мөлдір Әуелбекова, Ұлықпан Жолдасов, Raim, Альбина Шардарова, Бағлан Әбдірайымов, Айнұр Сағиқызы, Жандос Қаржаубай, «Алатау серілері», Апош Сарбаз, Серік Исахан, Қадылбек Маржан сынды өнерпаздар Ақсуат аспанын әсем әнмен тербетті.

 

«Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі – бұл тек мәдени-спорттық шара емес, бұл – елге деген сүйіспеншіліктің, ауылға деген құрметтің, жастарға жол сілтейтін нақты әрекеттің көрінісі. Елге шын жанашыр азаматтардың ұйытқы болуымен өткен бұл шара – ұлт бірлігінің, ұрпақ сабақтастығының және рухани жаңғырудың жарқын үлгісі болды.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз