Қоғамдағы көзқарас қашан өзгереді?
Инклюзия дегенде көпшіліктің ойына алдымен пандус, арнайы лифт немесе мүгедектігі бар балаларға арналған білім беру бағдарламалары келеді. Шын мәнінде, инклюзивті қоғам дегеніміз адамның денсаулық жағдайына қарамастан, білім алуға, жұмыс істеуге, қызметтерді пайдалануға және қоғамдық өмірге тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік беретін орта.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазанда Қазақстанда мүгедектігі бар 762,4 мыңнан астам адам тіркелген. Оның 637,8 мыңы – ересектер, 124,6 мыңы – балалар.
Қоғамда мүгедектігі бар адамдарға әлі де көбіне көмекке мұқтаж топ ретінде қарау кездеседі. Олардың кәсіби қабілеті, жеке таңдауы мен дербестігі кейде екінші орынға ысырылып қалады. Еліміздегі инклюзивті саясаттың 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында да бұл мәселе ашық көрсетілген. Құжатта қоғамда мүгедектікті түсінудің қайырымдылық және медициналық модельдері әлі басым екені, инклюзия мәдениеті кең таралмағаны атап өтіледі. Расымен, адамның жұмысқа орналасуы, білім алуы немесе отбасын құруы өзгелер үшін қалыпты жағдай саналса, мүгедектігі бар азаматтың осындай қадамын ерекше ерлік ретінде қабылдау теңдік қағидатына қайшы келуі мүмкін. Сондықтан инклюзивті қоғам қалыптастыру үшін тек инфрақұрылымды өзгерту жеткіліксіз. Адамдарға деген көзқарас та өзгеруі керек.
17 тексеруден 47 заңбұзушылық анықталған
Инклюзивті саясаттың нақты нәтижесін күнделікті өмірдегі қолжетімділік арқылы бағалауға болады. Мәселен, кресло-арбамен қозғалатын адам қоғамдық көлікке өздігінен міне ала ма? Мемлекеттік мекемеге кіріп, қажетті қызметті ешкімнің көмегінсіз ала ма? Көру немесе есту қабілеті бұзылған азаматқа ақпарат түсінікті әрі қолжетімді ме? Мұндай сұрақтар инклюзияның тек қағаз жүзіндегі талаптары болмауы керек.
Астана қаласы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетовтің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы төрт айында елордада Әлеуметтік кодекс талаптарының сақталуына қатысты 17 тексеру жүргізілген. Оның біреуі профилактикалық бақылау болса, сегізі жоспардан тыс, тағы сегізі прокуратура органдарымен бірлесіп өткізілген. Нәтижесінде 47 заңбұзушылық анықталған. Соның 43-і мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына қол жеткізуін қамтамасыз етпеуге қатысты. Қалған төртеуі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында тіркелген. Тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтарды жою туралы алты нұсқама беріліп, жалпы сомасы 2 млн теңгеден асатын алты әкімшілік айыппұл салынған. Сондай-ақ нұсқамаларды мәжбүрлеп орындату үшін сотқа алты талап-арыз жолданған.
Ресми мәлімет бойынша, Астанада интерактивті картаға енгізілген 2143 әлеуметтік инфрақұрылым нысанының 1435-і, яғни 67 пайызы бейімделген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізу жоспарланған. Мәселен, пандус болғанымен, оның еңісі қолайсыз болуы мүмкін. Ғимаратқа кірген адам ішінде еркін қозғала алмауы ықтимал. Ал көру қабілеті бұзылған азамат үшін тактильді белгілер мен дыбыстық ақпараттың болмауы да елеулі кедергі. Назарбаев университетінің ассистивті технологиялар және қолжетімділік жөніндегі сарапшысы Зият Әбдікәрімовтің пайымынша, әлеуметтік қолдау қызметін алу құқығы заңмен кепілдендірілгенімен, электрондық жүйе экраннан оқитын бағдарламамен үйлеспесе, көру қабілеті бұзылған адам оны өздігінен пайдалана алмайды. Мұндай жағдайда азамат басқа біреуден көмек сұрауға, тіпті электрондық цифрлық қолтаңбасы мен жеке деректеріне қол жеткізуге мүмкіндік беруге мәжбүр болуы мүмкін. Бұл – маңызды қайшылық. Цифрландыру азаматтардың уақытын үнемдеп, қызметтерді жеңілдетуге тиіс. Алайда электрондық жүйелер барлығына бірдей бейімделмесе, жаңа технологияның өзі қосымша кедергіге айналады.
Ал «Еркіндік Қанаты» қоғамдық қорының атқарушы директоры Елена Швецованың Factcheck.kz басылымына берген сұхбатында ақпаратты тек субтитр арқылы ұсыну жеткіліксіз екенін, менталдық ерекшеліктері бар адамдардың қажеттіліктерін де ескеру керектігін айтқан. Яғни, қолжетімділік дегеніміз тек пандус немесе лифт емес. Бұл – адамның ақпарат алу, шешім қабылдау және мемлекеттік қызметтерді дербес пайдалану құқығы.
Тұрақты жұмысқа орналасу неге қиын?
Инклюзивті қоғамның тағы бір маңызды көрсеткіші – мүгедектігі бар азаматтардың еңбек нарығына қатысуы. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2026 жылғы 24 қазанда жариялаған мәліметіне сәйкес, жыл басынан 1 қазанға дейін мансап орталықтарына жұмысқа орналасуға көмек сұрап 29,5 мың мүгедектігі бар адам жүгінген. Олардың 18,2 мыңы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан. Нәтижесінде 10,8 мың адам жұмысқа орналасқан. Енді осы көрсеткіштің құрылымына назар аударсақ, маңызды айырмашылық байқалады. Жұмысқа орналасқандардың 5,1 мыңы тұрақты жұмыс тапқан. Тағы 5,4 мың адам мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына қабылданған. Мұндай бағдарламалар азаматтардың еңбек тәжірибесін жинауына, жаңа дағдылар меңгеруіне көмектеседі. Бірақ уақытша қолдаудан тұрақты жұмыспен қамтуға көшу мәселесі өзекті болып қала береді.
Мәселен, Қазақстанда 50 және одан көп қызметкері бар ұйымдар үшін мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға 2–4 пайыз көлемінде квота қарастырылған. 2026 жылы осы тетік арқылы 16 706 адамды жұмысқа орналастыруға арналған квота белгіленген. Бірақ екінші тоқсанның қорытындысы бойынша квота аясында шамамен 6,2 мың адам ғана жұмыс тапқан. Бұл жылдық жоспардың шамамен 37 пайызы.
Тағы бір мәселе – арнайы бейімделген жұмыс орындарының саны. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елімізде мүгедектігі бар адамдар үшін 47 арнайы жұмыс орны ашылған. Оның 25-і есту қабілеті, 12-сі көру қабілеті, ал 10-ы тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған. Мүгедектігі бар жүздеген мың адам тұратын ел үшін бұл көрсеткіш арнайы жұмыс орындарын құру қарқынына назар аудару қажеттігін көрсетеді. Кейбіріне қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі, икемді жұмыс кестесі немесе қолжетімді кеңсе жеткілікті болуы мүмкін. Сондықтан инклюзивті еңбек нарығын қалыптастыруда жұмыс берушілердің рөлі ерекше. Қызметкердің кәсіби біліктілігін денсаулық жағдайынан бөлек бағалау, қажетті еңбек жағдайын жасау және мансаптық өсуіне мүмкіндік беру маңызды.
Мемлекет қабылдаған 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасында да еңбек нарығындағы инклюзивтіліктің жеткіліксіздігі негізгі проблемалардың бірі ретінде көрсетілген. Құжатта мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту деңгейі 35 пайыз екені атап өтіледі. Бұл көрсеткіштің өзі инклюзивті еңбек нарығын дамыту ұзақ мерзімді әрі жүйелі жұмысты қажет ететінін аңғартады. Жалпы, қоғамның инклюзияға дайындығы мүгедектігі бар адамның күнделікті өмірінде көрінуі тиіс. Біреуге есік ашып беру – ізеттілік. Ал сол есіктен адамның ешкімнің көмегінсіз өте алуына жағдай жасау – инклюзия. Біреуге жұмыс табуға көмектесу – қолдау. Ал оның біліктілігіне сай еңбек етіп, мансап құруына мүмкіндік беру – теңдік. Ал тең мүмкіндік – адамның қадір-қасиеті мен құқығын құрметтеудің нақты көрінісі.