Денсаулық сақтау министрлігі Наурыз мейрамына байланысты қазақстандықтарға үндеу жасап, бірқатар талапты сақтау қажеттігін ескертті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Министрлік барша жұрт асыға күтетін көктемнің шуақты мерекесі – Наурыз мейрамы жақындап келе жатқанын еске салды.
"Мерекеге дайындық барысында халық жаппай азық-түлік сатып алады, ата-аналар балабақшалар мен мектептерге тағам апарады, қалалар мен елді мекендерде жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Мерекелік іс-шаралар кезінде тағамнан улану мен инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында бірқатар талаптарды сақтау қажет", - делінген хабарламада.
Осыған байланысты ведомство мына талатаптарды ескеруге шақырады.
Іс-шараларды ұйымдастырушылар мен қатысушыларға:
іс-шаралар кестесін құрып, аумақтар бойынша бөліп, қатысушылар санын алдын ала жоспарлау;
адамдардың жаппай шоғырлануына жол бермеу;
тағам өнімдерін дайындау және өткізу кезінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау;
үй жағдайында дайындалған өнімдерді сатуға тыйым салу;
сатушылар мен қызмет көрсетуші персоналды арнайы киіммен қамтамасыз ету, санитариялық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету;
тез бұзылатын өнімдерді сату кезінде жеткілікті мөлшерде тоңазытқыш жабдықтарымен және бір рет қолданылатын ыдыспен қамтамасыз ету;
белгісіз жеткізушілерден алынған үй жағдайында дайындалған өнімдерді (наурыз көже, айран және т.б.) сатуға жол бермеу;
өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуын қамтамасыз ету.
Халыққа арналған жадынама:
қауіпсіз тағам өнімдерін таңдау. Ата-аналар балаларға берілетін тағамның жас ерекшеліктеріне сай болуына ерекше көңіл бөлу;
жарақаттанудың алдын алу үшін, әсіресе балалармен бірге, адамдар көп жиналатын орындардан (алтыбақан, спорттық жарыстар) аулақ болуға тырысу.
Ұйымдастырылған ұжымдарда (мектептер, балабақшалар): ата-аналар қауымы мен білім беру ұйымдарының әкімшілігі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сақтау талаптары мен мерзімі сақталмаған жағдайда жаппай улануға әкелуі мүмкін үй жағдайында дайындалған өнімдерді тұтынуға тыйым салуы қажет.