Әлемге әйгілі бразилиялық футболшы Роналдиньо Дубайда қазақстандық отбасының қуанышына ортақтасып, кішкентай баланың тұсауын кесті, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
MadeniPortal.kz мәліметінше, ерекше оқиғаның тарихы баланың туған күнінен басталған. Ата-анасы ұлының алдына әлемге танымал тұлғалардың суреттерін жайып, таңдау жасауға мүмкіндік берген. Суреттер арасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, АҚШ президенті Дональд Трамп, кәсіпкерлер Илон Маск, боксшылар Майк Тайсон мен Геннадий Головкин, сондай-ақ футбол жұлдыздары Лионель Месси мен Роналдиньо болған.
Бүлдіршін көпшіліктің арасынан дәл Роналдиньоның суретін таңдаған. Баласының таңдауын ерекше қабылдаған ата-анасы әйгілі футболшымен кездесу ұйымдастыруға бел буған. Ақырында отбасы Дубайда Роналдиньомен жүздесіп, оны қазақтың тұсаукесер рәсіміне қатыстырған.
Футбол аңызы кішкентай баланың тұсауын кесіп, қазақ отбасының қуанышты сәтіне куә болған. Айта кетейік, Роналдиньо 2002 жылы Бразилия құрамасымен әлем чемпионы атанып, 2005 жылы «Алтын доп» жүлдесін жеңіп алған.