Айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов қатерлі дертке шалдыққаннан кейінгі өмірінде болған оқиғаларды жыр жолымен жеткізді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазған.
"Жанған шырпы секілді өткен өмір. Аяулы Алаш жұрты! Адам баласының басына не келіп, не кетпеген. Бұл жайдан өздеріңіз де хабардар боларсыздар. Ойламаған жерден жаман дерт келіп жабысты. Бұл хабарды естіген сәтте төбемізден жай түскендей күй кештік. Отбасымды үрей билеп, әр күніміз үміт пен күдіктің арасында өтті. Бірақ дәл сондай сын сағатта бала-шағам жанымнан табылып, бір сәтке де жалғыз қалдырмады. Солардың қолдауымен Үндістанда екі жарым ай ем қабылдадым. Алланың қалауымен, дәрігерлердің еңбегі мен жанашыр-жақындарымның ақ тілегінің арқасында дерттің беті қайтқандай. Бүгінгі әрбір атқан таңның қадірін бұрынғыдан да терең сезінемін. Осындай қиындықта жанымнан табылған перзенттеріме, маған дұға тілеген барша ағайынға шексіз алғысымды білдіремін. Алла ешкімге мұндай сынақ бермесін. Үнді жерінде емделіп жатқанымда көзбен көріп, көңілге түйген дүниелерімді қағазға түсіріп, оқырманға жолдауды жөн көрдім", - деп жазды Айтақын Бұлғақов.
Ақын жариялаған өлеңде өзінің дертке шалдыққан сәті және ұлы мен келінінің қажыр-қайраты жырланған. Отбасының қолдауы да айтылған. Жыр жолдарында «Мен үшін сенсің әке киелі адам» деп ұлының Үндістанға апарғаны, "Ойласам немерені аталаған, Өзімнің де барғым жоқ көрге тегі" деп отбасын қимағаны баяндалған. Сөз соңында ол өз жанашырларына алғысын жеткізген.