Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай қазіргі қоғамдық марапаттар мен атақтардың шынайылығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Ол "Ұлт ұстазы", "Ұлт данышпаны" деген атақтар тарихи салмақты екенін атап, қазіргі таңда кейде медаль мен төсбелгі деңгейіне дейін арзандағанын сынға алды.
Депутаттың айтуынша, "Ұлт ұстазы" атағын 200 мың теңгеден мұғалімдерге сатылымға шығарғандардың әрекеті Байтұрсынов сияқты ұлы тұлғалардың есімін құрметтемейтінін көрсетеді.
Ол қазіргі замандағы "ғасыр ұстазы", "ғаламдық ұстаз" сияқты атақтарды ұйымдастырушылар коммерциялық мақсатпен пайдаланып отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Мақсат Толықбай кейбір қоғамдық ұйымдардың медаль таққандарға қатысты сұранысты пайдаланып, залдарды жалға алып, қызыл кілем төселіп, салтанатты марапаттар ұйымдастыратынын айтты.
"Баяғыда 'Ұлт ұстазы' деп Байтұрсыновтарды айтатын едік, қазіргі 'ғасыр ұстаздарының' қасында қарапайым мұғалім ғана қалды", — деді депутат.
Депутат мемлекеттік наградалардың құнының кетуін жоққа шығармай, бірақ өз саласының мықтыларын марапаттайтын жүйелі жұмыс істеп жатқан ұйымдар да бар екенін атап өтті.
"Мен тек медаль сатып, жыл сайын көлігін жаңалап отыру үшін әртүрлі қоғамдық ұйымдар ашып алған бизнесмендер жөнінде айтып отырмын", — деді Мақсат Толықбай.