Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров қоғамда рушылдық пен жікшілдік белгілерінің күшеюі ұлттық бірлік пен мемлекеттілікке қауіп төндіретінін айтып, премьер-министр Олжас Бектеновке ресми депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Депутат сауалында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» деген ұстанымын атап өтіп, ата-бабамыздың қайтпас қайсарлығы мен қажымас күресімен келген Тәуелсіздікті сақтау үшін қоғамға бірлік, тұтастық пен ынтымақ ауадай қажет екенін айтты. Алайда соңғы кездері қоғамда осы құндылықтарды нығайтудан гөрі, халықты жікке бөлуге бейім үдеріс күшейіп келе жатқанын жеткізді.
«Жекелеген контент өндірушілер мен кәсіпкерлер рулық сананы жалаулатып, күнделікті тұтынатын футболка мен шапандарға ру атауын жазып, оларды «бренд» немесе «маркетингтік өнім» ретінде сатылымға шығарып жатыр. Әлеуметтік желілерде жастарға рушылдық психологияны таңатын контент шектен шығып кетті», – дейді Ерлан Саиров.
Депутаттың айтуынша, бұл қауіпті тенденция кино саласына да жеткен. Оның сөзінше, соңғы уақытта рушылдықты қозғайтын, қазақ руларын салыстырып, кемсітетін мазмұндағы арнайы фильм прокатқа шыққан.
«Осындай келіссіз, қажетсіз тақырыпты арқау еткен арнайы фильм прокатқа шығыпты. Бұл арқылы кино түсірушілердің не айтпақ болғаны түсініксіз?! Қазақтың руларын салыстыратын, кемсітетін фильмдердің мақсаты қандай? Тіпті бұл фильмді жарнамалау үшін жасалған арнайы экзпозицияда руға бөлінуді қойып, Қазақстанның картасын үш жүзге бөліп қойғанды көрдік. Бұл не деген бассыздық?» – деп қатаң сын айтты депутат.
Ол мұндай әрекеттердің ұлт үшін ең сезімтал тақырыпты әдейі айқайлатып, әлеуметтік контент пен кино тақырыбына айналдыру арқылы көрермен жинауға бағытталғанын атап өтті.
«Творчестволық бостандық қажет. Бірақ творчестволық бостандық мына алай-дүлей заманда ұлттың бірлігін бұзып, мемлекеттіліктің тамырын қиюға қабілетті деңгейге шықпауы тиіс», – дейді ол.
Ерлан Саиров жасөспірімдер үшін кино мен медиаконтенттің тәрбиелік ықпалы жоғары екенін ескеріп, бұл мәселеге бейжай қарауға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, данышпан Абайдың «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген сөзі бүгінгі күні ерекше өзекті.
«Рушылдық тенденция қоғам ішінде мемлекеттік ойлау қабілетін коррозияға ұшыратып, мемлекеттілікті шашыратуға әкелетін қауіпті құбылыс. Егер біз ғалам мәңгі болса, сонша мәңгі болатын Қазақстанды құрамыз десек, бір ұлт ішіндегі руларды бір-біріне айдап салатын, арандатушылық материалдарға тыйым салынуы керек», – дейді депутат.
Осыған байланысты депутат Үкіметке бірқатар нақты ұсыныс жолдады. Атап айтқанда:
- Ақпарат және мәдениет министрлігі жанынан кинопрокатқа шығатын отандық фильмдердің мазмұнын алдын ала көркемдік-эстетикалық, идеологиялық, ұлттық бірлік тұрғысынан сараптайтын тұрақты комиссия құруды түрде іске асыру қажет.
- «Ұлттық код» және «мәдени ерекшелік» ұғымын желеу етіп, қоғамды бөлшектеуге, рушылдық пен жікшілдікті насихаттайтын әрекеттерге нақты тосқауыл қою керек.
- Мәдени салада, әлеуметтік желіде, Қазақстанның барлық халықтарының бірлігін көрсететін, жалпыұлттық «Біз Қазақпыз» деген мағынадағы контентті көбейтуге кірісуге тиіспіз.
Депутат президенттің жолдауында айтылған «Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет» деген сөзін еске салып, бұл ұстаным мемлекеттің мызғымас саясаты екенін атап өтті.