Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатында 6 сәуірде Махмұд Сабырхан (55 келі) қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Қазақстандық былғары қолғап шебері жартылай финалда моңғолиялық Хархуу Билгуунсайханмен қолғап түйістірді.
Махмұд Сабырхан — ұлттық құрама сапындағы тәжірибелі боксшының бірі. Қазірге дейін 2023, 2025 жылдары әлем чемпионы атанса, 2021 жылы күміс жүлде алды. 2024 жылы Азия чемпионатында алтын алса, 2022 жылы екінші орынға табан тіреді.
Ал қарсыласы әлем чемпионатында ширек финалға дейін жеткен.
3 раунд бойы отандасымыз қарсыласына қысым жасауға тырысқанымен, төрешілер 5:0 есебімен жеңісті Моңғолия боксшысына берді.
Айта кетсек, бұдан бұрын ел құрамасынан Бақыт Сейдіш (70 келі) финалға жолдама алса, Валентина Хальзова (70 келі) қола жүлдегер атанды.
Енді ел құрамасынан төрт спортшы шаршы алаңға шығады. Алдымен Надежда Рябец (80 келі) үндістандық Пуджа Ранимен кездессе, Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) өзбекстандық Олтиной Сотимбоева, Ертуған Зейнуллинов (65 келі) таиландтық Бунджонг Синсиримен қолғап түйістіреді.
Бүгінгі жарыс күнінде соңғы жекпе-жекті Төрехан Сабырхан (70 келі) қытайлық Пейчен Ванға қарсы өткізеді.