Алматыда 5,6 миллиард теңгеге цифрлық активтердің заңсыз айналымын жасаған жасөспірім сотталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2020 жылы қыркүйекте кәмелеттік жасқа толмаған күдікті Telegram мессенджері мен OLX платформасында айырбастау операцияларын жүргізетіні туралы хабарландыру орналастырған.
«Binance» криптобиржаның пайдаланушылары тек ересектер бола алатындықтан, ол аккаунт жасау үшін ағасына верификациядан өтуін сұраған. 2021 жылы ол айналым сомаларын бөлшектеу және бұғаттау тәуекелін төмендету мақсатында өзінің туыстарының атына қосымша тағы үш аккаунт тіркеген.
Нәтижесінде 2021-2024 жылдар аралығында жалпы сомасы 5,6 миллиард теңге цифрлық активтерді заңсыз айналымын жасаған. Көрсеткен қызметі үшін алынған сыйақы мөлшері 0,5%-дан 2,5%-ға дейін құраған. Күдікті өзінің заңсыз табысына Mitsubishi автокөлігін сатып алған, соттың шешімімен осы автокөлікке тыйым салынды, – делінген хабарламада.
Сот үкімімен ол ҚР ҚК 214-бабының 2-бөлігі 2-тармағымен («Заңсыз кәсіпкерлік, аса ірі мөлшерде табыс алумен ұштасқан») кінәлі деп танылып, 2,5 жылға бостандығын шектеу жазасына кесілген.
Сондай-ақ, мемлекет кірісіне 5 172 USDТ цифрлық активтері мен Mitsubishi автокөлігі тәркіленді.