Көкшетауда шенеунік сыбайластарымен бірге жағажай салуға бөлінген қаржыны жымқырған, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақмола облысының арнайы прокурорлары Көкшетау қаласында бюджет қаржысын ірі көлемде жымқыру фактісін анықтады. Қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы, техникалық қадағалау қызметін атқарған «М-Строй Проект» ЖШС, сондай-ақ мердігер «ПавлодарЭнергоМонтаж» ЖШС басшылары уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу дерегінше, 2021 жылы Көкшетауда ескі аэропорттан Қан орталығына дейін салынуға тиіс болған «Набережная» жобасына бөлінген 170 миллион теңгеден астам қаржы талан-таражға түскен.
Күдіктілердің әрекеттері ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі («Аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу») бойынша сараланып отыр. Бұл бапта 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу қарастырылған, – делінген хабарламада.
Тергеу барысында Астана қаласынан құны 95 млн теңге болатын коммерциялық жылжымайтын мүлік табылып, тәркілеуге жататын мүлік ретінде тіркелді.
Сонымен қатар, тергеу барысында жымқырылған қаражаттың бір бөлігі Атбасар қаласындағы басқа құрылыс нысанына жұмсалғаны белгілі болды. Осыған байланысты бір күдіктінің әрекеті Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігі («Заңсыз табыс пен мүлікті заңдастыру» (ақшаны жылыстату) бойынша да сараланды. Бұл бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Іс бойынша тергеу аяқталуға жақын, енді соңғы шешімді сот шығарады.