Қоғам

Қазақстанда 500-ден астам көшеге елеусіз қалған соғыс ардагерлерінің есімі беріледі

15:50, 24 сәуір 2025 27

Қазақстанда 500-ден астам көшеге елеусіз қалған соғыс ардагерлерінің есімі беріледі. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА-ның ХХХІV сессиясында айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Биыл бүкіл адамзат үшін ерекше тарихи белес – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Қазақстан бұл айтулы датаны кең ауқымда атап өтпек. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне ерекше құрмет көрсетілмек. «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты кешенді жоспар қабылданып, екі мыңнан астам мәдени-ағартушылық, ғылыми-зерттеу және тәрбиелік іс-шара өткізу көзделіп отыр.

Бірер күн бұрын менің тапсырмаммен Республикалық ономастикалық комиссия елді мекендердегі 500-ден астам көшеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһармандардың есімін беру туралы шешім қабылдады. Ең алдымен, жаңа және атауы қайталанатын көшелерге басымдық беріледі. Бұл шешім – Ұлы Жеңісті, оған қатысушыларды қаншалықты қадір тұтатынымызды көрсететін маңызды қадам, – деді мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде Ұлы Жеңістің тағылымы — әсіресе қазіргі әлемдегі геосаяси жағдай кезінде — ұлттық рухты көтерудің, тарихи жадты сақтау мен ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің басты құралы екенін атап өтті.

Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар әскери шерумен қорытындыланбақ. Бұл – ардагерлерге тағзым ғана емес, сонымен қатар ел бірлігі мен қауіпсіздігі жолындағы биік рухтың символы.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз