$ 448.61
€ 503.83
₽ 5.48

ChatGPT-дегі құпия әңгімелерді енді PIN-кодпен қорғауға болады

Редактор
22.10.2026, 16:11
ЖИ
ЖИ
ChatGPT-де құпия чаттарды PIN-кодпен қорғау мүмкіндігі пайда болмақ

OpenAI компаниясы ChatGPT пайдаланушыларының жеке әңгімелерін қорғауға арналған жаңа функцияны енгізе бастады. Енді құпия чаттарға PIN-код, Face ID немесе саусақ ізі арқылы кіруге мүмкіндік беріледі, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Жаңа мүмкіндіктің басты ерекшелігі – пайдаланушылар жеке хат алмасуларын өзгелерден жасырып, қосымша қауіпсіздік деңгейін орната алады. Қорғалған әңгімелер ChatGPT-дегі чаттардың жалпы тізімінде көрсетілмейді. Оларды іздеу жолағы арқылы да табу мүмкін болмайды. Құпия чаттарға кіру үшін арнайы PIN-код енгізу қажет. Сондай-ақ құрылғының мүмкіндігіне қарай Face ID немесе саусақ ізі арқылы сәйкестендіру әдісін пайдалануға болады.

Алайда жаңа функцияның маңызды бір ерекшелігі бар. Егер пайдаланушы PIN-кодын ұмытып, оны қалпына келтіруге шешім қабылдаса, қорғалған чаттар мен олардың ішіндегі файлдар біржола жойылуы мүмкін. Сондықтан құпия кодты сақтау мәселесіне ерекше мән берген жөн. Бұл жаңашылдық жасанды интеллект сервистеріндегі жеке деректердің қауіпсіздігіне қатысты талқылаулар аясында назар аудартып отыр.

Бұған дейін OpenAI басшысы Сэм Альтман ChatGPT-дегі әңгімелер белгілі бір заңды рәсімдер аясында, соның ішінде сот талабы бойынша ашылуы мүмкін екенін ескерткен болатын. Айта кетейік, PIN-кодпен қорғау функциясы чаттарды құрылғыны пайдаланатын бөгде адамдардан жасыруға арналған. Алайда мұндай қорғаныс заңды негіздегі ақпарат сұратуларынан толық иммунитет береді дегенді білдірмейді.