$ 440.86
€ 500.77
₽ 5.27

Кітап оқып, 600 мың теңге ұтып алуға болады: Қазақстанда ерекше марафон басталды

Редактор
01.10.2026, 11:29
дереккөз
дереккөз
Алғашқы тәжірибеге 189 мыңнан астам адам қатысқан еді

Кітап оқып, 600 мың теңге ұтып алуға болады. Ол үшін алты айда 15 кітапты тауысу керек. Одан кейін оқығаныңды ойға тоқып, тест пен зияткерлік сайыста сол біліміңді дәлелдеуге тура келеді. Қазақстанда қыркүйекте басталған «Кітап оқитын ұлт - Читающая нация» республикалық марафонының шарты осындай. Бүгінде кітап бәйгесіне 1 млн 374 мыңнан астам адам тіркелген. Былтыр үш өңірде сыналған жоба биыл тұтас елді қамтып отыр, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Ашығын айту керек, қазір бір кітапты асықпай оқуға уақыт табудың өзі мұң болып барады. Таңертең көзімізді телефонмен ашамыз. Жолда әлеуметтік желі ақтарамыз. Кешке «бес минут қараймын» деп қолға алған телефонның бір сағат уақытымызды ұрлағанын байқамай қаламыз. Осындай кезде миллионнан астам адамның кітап бәйгесіне жазылуының өзі көңілге жылылық ұялатады.

Қосшыдағы кітапхана

Айта кетейік, «Кітап оқитын ұлт» былтыр Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында пилоттық негізде өткізілген. Алғашқы тәжірибеге 189 мыңнан астам адам қатысқан еді. Ал биыл жоба республикалық деңгейге шығып, марафонның ауқымы да кеңейді. Мұнда 6-10 сынып оқушыларынан бастап колледж және жоғары оқу орны студенттеріне, мұғалімдерге, мемлекеттік қызметшілерге дейін жеке бағыттар қарастырылған. Отбасымен қатысуға арналған «Кітап оқитын әулет» бар. Жасына, мамандығына қарамай бақ сынағысы келгендер үшін де жеке санат ашылған. Оқылатын шығармалар да кездейсоқ таңдалмаған. Соңғы жарияланған дерек бойынша, арнайы комиссия 345 кітапты іріктеген. Оның 173-і қазақ, 172-сі орыс тілінде. Демек, оқырман бір ғана әдеби ортаның аясында қалмайды. Тізімде қазақ әдебиетімен қатар әлемдік шығармалар да бар.

Марафонның ең қызығы, қатысушылар оқыған шығармалары туралы пікір және бейнежазба жариялап, белсенділігіне қарай ұпай жинайды. 2027 жылдың наурызынан бастап кітап мазмұны бойынша тест пен зияткерлік квиздер өтеді.

«Кітап оқитын ұлт - Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбековтің айтуынша, осы сынақтардың қорытындысы бойынша өңірлердегі үздік қатысушылар анықталады.

«Наурыз айынан бастап қатысушылар оқыған кітаптарының мазмұны бойынша тест тапсырып, зияткерлік квиздерге қатысады. Өңірлік кезеңде бірінші орын иегері 600 мың теңге, екінші орын иегері 450 мың теңге, үшінші орын иегері 300 мың теңге көлемінде сыйлық алады, - деді Бақытжан Тұрлыбеков.

Сыйлықтың көлемі жұртты елең еткізгені ақиқат. Оның үстіне ұйымдастырушылар үшін 600 мың теңге түпкі мақсат емес. Бақытжан Тұрлыбеков республикалық марафонды жасы мен мамандығы әртүрлі адамдарды кітап төңірегіне жинайтын қозғалыс ретінде сипаттап, кітап оқуды қазіргі өмірдің қалыпты бөлігіне айналдыру мақсатын атаған.

Кітаптың қоғамдағы орнын кеңейту мәселесі марафон ғана емес. Жоба оқу орындарына да жетіп жатыр. Мәселен, Астана медицина университеті марафонға қосылып, студенттер арасында арнайы кітап оқу кеңістігін ашуды жоспарлаған. Өңірлік жобалық кеңсе басшысы Жақсыбай Боранбаев болашақ дәрігерге кәсіби біліммен қатар гуманитарлық ой-өріс те қажет екенін айтады. Кітаптың қызығы да сонда.

«Бағымды сынап көрейін дедім»

Үлкен жобаның ар жағында қарапайым адамдар тұр. Марафонға қатысуға ниеттенгендердің бірі – Толқын Абдрахманова. Ол әдебиетші де, кітап сыншысы да емес. Қолы қалт еткенде кітап оқитын көп оқырманның бірі. Марафон туралы естігенде өзін сынап көруге бел буған.

«Кітап оқығанды жақсы көремін. Марафон туралы естігенде бірден қызықтым. Он бес кітапты оқып шығуға шамам жете ме, өзімді сынап көргім келеді. Жүлдесі де жақсы екен, бағымды сынап көрейін дедім, - дейді Толқын Абдрахманова.

Бәлкім, миллионнан астам қатысушының арасында Толқынсекілді адамдар көп шығар. Біреу бұрыннан кітапқұмар. Біреу соңғы рет көркем шығарманы студент кезінде оқыған болуы мүмкін. Бірі баласымен жарысқысы келеді. Адамды кітапқа апаратын жолдың бәрі бірдей болуы шарт емес.

Сарапшылардың пікірінше, алты айда 15 кітап дегеніміз - айына орта есеппен екі-үш кітап. Жұмысы, бала-шағасы, үйдің күйбең тірлігі бар адамға оңай меже емес. Бірақ бәйгенің аты бәйге. Кеше бастаған кітабын орта жолда тастап кететін адам бұл жолы «тағы жиырма бет оқиын» деп өзіне талап қояр. Марафондағы «Кітап оқитын әулет» бағытының жөні тіпті бөлек. Балаға «телефоныңды қойып, кітап оқы» деп ауызша айту оңай. Үйде үлкендер кітап оқыса, бала да соны көреді. Бір шығарма туралы дастарқан басында әңгіме айтылса, кейіпкердің ісіне бірі қарсы шығып, екіншісі жақтаса, кітап мектептегі міндеттен отбасындағы әңгімеге айналады. Оқу мәдениеті дегеніміз, бәлкім, осындай қарапайым көріністерден басталатын шығар.

Жиырма миллион кітаптың есебі

Енді марафонның көлемін есепке салып көрелік.1 млн 374 мыңнан астам адам 15 кітаптан толық оқыса, 20,6 миллионнан астам кітап оқу дерегі шығады. Тіркелген адамның бәрі соңына дейін барады деу ағаттық. Бірақ қатысушылардың жартысы ғана межеге жеткен күннің өзінде бірнеше миллион кітап оқылады. Оның нәтижесі кітапхана мен кітап дүкенінен де сезілуі мүмкін. Жүздеген мың адам бір мезетте марафон тізіміндегі шығармаларды іздесе, баспагерге де, кітап сатушыға да жаңа сұраныс туады.

Сонымен, марафон 2027 жылғы көктемге дейін жалғасады. Жүлде жеңімпаздарға бұйырады. Ал оқылған кітаптың ізі адамның өмір бойы санасында қалады.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау