Бүгін, 27 шілдеде қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров 80 жасқа толды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Тоқтар Оңғарбайұлы 1946 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Бала кезінен аспан әлеміне қызыққан ол табандылығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында авиация саласында үлкен жетістіктерге жетті.
Тоқтар Әубәкіров Кеңес Одағындағы ең тәжірибелі сынақшы-ұшқыштардың бірі саналады. Ол 50-ден астам әскери ұшақтың алғашқы сынақ ұшуына қатысқан.
1988 жылы ауада жанармай құю арқылы Солтүстік полюске тарихи ұшу сапарын орындады. Осы ерлігі мен авиация саласындағы ерекше еңбегі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Әскери авиациядағы жетістіктері үшін Тоқтар Әубәкіровтің есімі Гиннестің рекордтар кітабына және Дүниежүзілік авиация мұражайына енгізілген.
1991 жылғы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен көкке көтерілді. Экипаж құрамында командир Александр Волков пен австриялық ғарышкер Франц Фибек те болды.
Осы сапар арқылы Тоқтар Әубәкіров Кеңес Одағының 72-ші әрі соңғы ғарышкері ретінде тарихқа енді. Сонымен қатар ол қазақтан шыққан және түркі халықтары арасындағы тұңғыш ғарышкер атанды.
Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа сапары Қазақстан тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болып, кейінгі буынға жігер мен мақтаныш сыйлады.