Қазақстанда қарапайым азаматтарға ірі инфрақұрылымдық жобалар мен жылжымайтын мүлік нысандарына цифрлық үлес арқылы инвестиция салуға мүмкіндік беретін жаңа тетік енгізілуі мүмкін, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұл мәселе Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көтерілді.
Үкімет нақты активтерді токенизациялауға баса назар аудармақ. Қарапайым тілмен айтқанда, салынып жатқан ғимаратты немесе басқа да ірі жобаны бірнеше цифрлық үлеске бөліп, оны инвесторларға ұсынуға болады.
Осылайша, мұндай жобаға кез келген адам акционер ретінде қатысып, өз қаражатын инвестициялау мүмкіндігіне ие болады.
Қазақстанда бұл тетікті жылжымайтын мүлік, ірі инфрақұрылымдық жобалар, шикізат және басқа да нақты активтерге қолдану қарастырылып отыр.
Ұлттық банк инвестиция тарту үшін бірінші кезекте цифрлық форматқа ауыстырылатын активтердің нақты тізімін айқындауы тиіс.
Сонымен бірге Үкімет мұндай инвестициялардың қауіпсіздығына ерекше мән беріп отыр. Токенизация тетігі заңнамалық тұрғыдан мұқият реттеліп, жасалатын мәмілелердің қауіпсіздігіне кепілдік берілуі қажет.
Үкіметтің пайымдауынша, жаңа құрал ірі жобаларға қосымша қаржы тартуға және азаматтарға бұрын қолжетімділігі шектеулі болған инвестициялық жобаларға қатысуға мүмкіндік береді.