Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік жобаларды жүзеге асыру кезінде отандық кәсіпорындар мен Қазақстанда өндірілген тауарларға басымдық беруді тапсырды. Үкімет басшысы бюджет қаражаты ең алдымен ел экономикасын дамытуға қызмет етуі тиіс екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
17 қарашада өткен Үкімет отырысында Премьер-министр отандық өндірушілерді қолдау шараларының тиімділігіне назар аударды. Бектеновтің айтуынша, биыл Қазақстанда жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 200-ге жуық жаңа өнеркәсіптік жобаны іске асыру жоспарланған. Алайда кәсіпорындарды тұрақты тапсырыспен қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті.
Мемлекеттік сатып алуда кемшіліктер анықталған
Үкімет басшысы қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің жұмысын сынға алды. Қазіргі уақытта онда 2700-ге жуық өндірушінің 70 мыңнан астам тауар түрі тіркелген. Соған қарамастан, биылғы тоғыз айда мемлекеттік сатып алу аясында жасалған келісімшарттар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға азайған. Бұдан бөлек, кәсіпорындар отандық өндіруші мәртебесін растау рәсімдерінің ұзаққа созылатынына шағымданған. Ал қатты пайдалы қазбаларды өндіруші компаниялардың сатып алуындағы қазақстандық тауарлардың үлесі небәрі 17 пайызды құрайды.
6,5 трлн теңге бөлінетін жобаларға отандық өнім қолданылуы тиіс
Олжас Бектенов Ұлттық қордан инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасына шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланғанын еске салды. Оның айтуынша, қазақстандық кәсіпорындар негізгі құрылыс материалдарына деген ішкі сұраныстың орта есеппен 73 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Осыған байланысты Премьер-министр мемлекеттік жобаларға қажетті материалдар мен жабдықтарды алдын ала жоспарлап, отандық зауыттардың өндірістік қуатын барынша пайдалануды тапсырды. Сонымен қатар кәсіпорындарға өнімдерін ұзақ мерзімге өткізуге кепілдік беретін офтейк-келісімшарттар тәжірибесін кеңейту міндеті қойылды.
Mercedes-пен келіссөз жүргізіліп жатыр
Үкімет басшысы импортты алмастыру бағытында жүк көліктерін өндіру жобаларына да тоқталды. Биылғы жылдың соңына дейін Алматыда Volvo жүк тартқыштарын шығару жоспарланған. Сонымен қатар Mercedes компаниясымен келіссөз жүргізіліп жатыр.
«Қазақстанда шығарылатын өнімді шетелден сатып алу мемлекет мүддесіне қайшы»
Жиын соңында Олжас Бектенов мемлекеттік органдар мен өңір әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, үш ай ішінде отандық тауар өндірушілер тізілімін жетілдіру, оны мемлекеттік дерекқорлармен біріктіру және тіркеу рәсімін мемлекеттік қызмет форматына көшіру тапсырылды. Сондай-ақ 2027 жылға арналған офтейк-келісімшарттар жоспарын жыл соңына дейін бекіту және отандық жүк техникасына жеңілдетілген лизингті кеңейту міндеттелді. Премьер-министр бюджет қаржысына жүзеге асырылатын жобаларда қазақстандық компаниялар мен жергілікті өнімге басымдық берілуі қажет екенін ерекше атап өтті.
«Егер Қазақстанда осындай өнім шығарылып жатса, бірақ біз оны өзімізден сатып алмай, шетелден импорттайтын болсақ, бұл мемлекет мүддесіне қайшы келеді», – деді Бектенов.