Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босату кезінде ұлттық компаниялар басшыларының ұсталуына қатысты жағдайды да ескерген. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Айбек Смадияровтың айтуынша, Ермек Сағымбаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылған. Сонымен қатар Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетін реформалау үшін басшылық құрамды жаңарту қажет деп есептеген. Алайда кадрлық шешім қабылдауға «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталуына байланысты жағдай да әсер еткен.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты қызметтен босату туралы шешім қабылдағанда жемқорлық оқиғасына қатысы бар лауазымды тұлғаларды ұстау жағдайын да ескерді. Президенттің пікірінше, күштік құрылым қызметкерлері қателіктер жіберген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланды. Жалпы, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ісіндегі коррупциялық сипат еш күмән тудырмайды. Оны тергеу шаралары кезіндегі фигуранттардың әрекеттері растады. Президент жүргізіліп жатқан тергеу амалдарынан әуел бастан хабардар болды. Мемлекет басшысының жемқорлыққа қарсы күреске қатысты берік ұстанымы өзгермейді», – деп жазды Айбек Смадияров.
Сондай-ақ 16 қарашада Президент Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен жиын өткізді. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығын арттыруды, қызметтік тәртіпті күшейтуді және қоғамдық қауіпсіздікті «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес қамтамасыз етуді тапсырды. Бұдан бөлек, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке полицияның қатардағы қызметкерлері мен офицерлік құрамы арасында тәрбие жұмыстарын күшейту міндеті жүктелді.