Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған видеода 2026 жылғы 30 қаңтарда ҚР Әлеуметтік қорғау, Ішкі істер және Цифрлық даму министрліктерінің бірлескен бұйрығы шыққанын айтты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Оның сөзінше, құжат қандастарды қайтару жөніндегі жаңа пилоттық жобаға қатысты.
Жобаның негізгі мәні — елге келетін қандастарға үш қосымша талап енгізу. Атап айтқанда, Қазақстанға келген кезде Kaztest тестілеу орталығында қазақ тілінен емтихан тапсыру, сотталғандығы жоқ екені туралы анықтама ұсыну және алдын ала басқа елге кетпейтіні жөніндегі анықтаманың болуы қарастырылған.
Депутаттың айтуынша, Kaztest емтиханын тапсыру үшін қандастардан жоғары нәтиже талап етіледі. Ал Қазақстан ішінде мемлекеттік қызметке орналасу кезінде азаматтар үшін мұндай талап деңгейі төмен екенін атап өтті.
Сонымен қатар, ол қандастардың әр емтихан үшін 9 мың теңге төлейтінін, алайда бұл соманың қандай негізде белгіленгені белгісіз екенін жеткізді.
Саиров шетелдегі қазақтардың басым бөлігі төте жазуды қолданатынын, ауызекі қазақ тілін жақсы меңгергенімен, кириллицамен жазу олар үшін қиындық туғызатынын айтты. Бұған қоса, қазіргі геосаяси жағдайға байланысты қажетті құжаттарды жинау да күрделенгенін атап өтті.
Депутаттың пікірінше, қандастардың елге еш кедергісіз келуіне жағдай жасалуы тиіс. Осыған байланысты ол ҚР Үкіметіне хат жолдағанын мәлімдеді.