Аймақ

«Жүрек талмасы ұстап қалған»: Бестеректегі елді дүрліктірген жағдайға қатысты тың дерек шықты

11:03, 21 тамыз 2025 30

Абай облысының Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында болған қайғылы жол апатының жай-жапсарын марқұмдардың туыстары айтып берді. Қаза тапқан балалардың ең кішісі небәрі 2 жаста еді. Ал ауыр жарақат алған тағы үш бүлдіршіннің өмірі үшін дәрігерлер күресіп жатыр, деп хабарлайды bairaqmedia.kz 31-арнаның Информбюро жаңалықтарына сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай екі бірдей отбасының қабырғасын қайыстырды. Марқұмдардың үлкені – 8, ал кішісі – 2 жаста болған. Куәгерлердің сөзінше, көлік жол жиегінен шығып кетіп, үйдің қақпасына соғылған. Сол сәтте аулада ойнап жүрген алты баланы басып өткен. Үйдің алдында әлі де қираған қақпа мен қоршау жатыр.

“Қақпаның жанында жүрген бір қызды қақты. Кейін қақпаны бұзып кіріп, ішінде отырған балаларды басып өтті. Екі бала қақпа мен дөңгелектің ортасына қысылып қалды. Жүк тиегішпен көлікті көтеріп барып, балаларды шығарып алдық”, – дейді марқұмдардың туысы Ерболат Сүйгенбаев.

Көршілер жедел жәрдем жеткенше, зардап шеккендерді аурухана мен мәйітханаға жеткізуге көмектескен. Өкінішке қарай, бір ұл мен қыз оқиға орнында жан тапсырса, тағы бір қыз жолда көз жұмған.

“Төрт баланы алып кетті, қалған екеуін ТЖМ қызметкерлерімен бірге менің көлігіме салды. Содан мәйітханаға апардым. Қазір бүкіл ауылдың қабырғасы қайысып отыр. Барлық жақындарына көңіл айтамын”, – дейді ауыл тұрғыны Мұрат Ахметов.

Ал 6 мен 9 жас аралығындағы үш бала ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Олардың екеуі санавиациямен Нұр-Сұлтанға жеткізілді. Ал аудандық ауруханада жатқан қыздың жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер оған бірнеше күрделі ота жасады.

“Әрбір операция шамамен екі сағатқа созылды. Алдымен ішкі ағзалардағы қан кетуді тоқтаттық, кейін бас миына жасалған жарақатқа ота жасалды. Өміріне тікелей қауіп төніп тұр деуге болады, себебі жарақаттары өте ауыр”, – дейді нейрохирург Сапарбек Сейітбеков.

Балаларды қаққан 55 жастағы жүргізуші қамауға алынды. Ол да осы ауылдың тұрғыны екен. Ұлдарының айтуынша, әкесі тәжірибелі, ұзақ жылдар автобус жүргізген. Жол апаты болған сәтте көлікте оның жары да отырған.

“Әкемнің жүрек талмасы ұстап, рөлге ие бола алмай қалған. Бұл – оқыс жағдай. Біз марқұмдардың отбасыларына көңіл айттық, кешірім сұрадық. Өте ауыр сынақ, мұндайды ешкімнің басына бермесін”, – дейді жүргізушінің ұлы Ерқанат Серікұлы.

Сараптама жүргізушінің мас болмағанын анықтады. Қазір полиция қылмыстық іс қозғап, апаттың мән-жайын тексеріп жатыр.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз