Жол сапасын қадағалайтын мамандар әз Наурыз мерекесінен қалыс қалған жоқ. "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" Жетісу жерінде мерекелік думан ұйымдастырды деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Мерекелік кеш аясында жол сапасын қамтамасыз ететін мамандар арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Арқан тарту, садақ ату, кір тасын көтеру, асық ату, бес тас секілді ойындарда қызметкерлер шеберліктері мен ептіліктерін танытты.
Талдықорған төрінде өткен шара қала тұрғындары мен қонақтарының көңілін көтеріп, ән мен жырға толы әсерлі сәттер сыйлады.
Салтанатты шараға мекеме басшысы Болатбек Айтбаев та қатысып, әріптестеріне ізгі тілегін жеткізді.
Біздің мекеме жыл сайын Наурыз мейрамын кең көлемде атап өтуді дәстүрге айналдырған. Батыс, шығыс, оңтүстік және солтүстік өңірлердегі әріптестеріміз бірлесіп, көктемнің шуағына бөленіп, ортақ қуанышпен қауышып тұрады. Биылғы шараны Жетісу өңірі өткізуге ұсыныс білдірді. Табиғаты тамаша, гүлге оранған бұл өлкеде той ұйымдастыру – үлкен мәртебе,– деді Болатбек Айтбаев.
Сонымен қатар, ұлттық киімнің ерекше үлгісін ұсынған қызметкерлер де көпшіліктің қошеметіне ие болды.
Жолшылар қауымының бұл жолғы мерекесі – елге сапалы жол, нық қадам, жарқын болашақ сыйлауға бағытталған еңбектің бір белесі іспеттес болды.