Жаркент қаласында төрт жасар балаға қатыгездік жасады деп айыпталған әйелге қатысты сот отырысы өтті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Панфилов аудандық сотының мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 18 қаңтарда болған. Сол күні төрт жасар бала ванна бөлмесінде суды ашық қалдырып, соның салдарынан бөлмені су басқан. Осыдан кейін анасы баланы жылу батареясына байлап, денесінің әр жерінен бірнеше рет ұрған.
Бұл әрекеттердің барлығы бейнежазбаға түсірілген. Баланың әкесі ұлын бірден ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер баланың басы мен арқасында соққы іздері мен теріасты гематомаларын тіркеген.
Тергеу барысында болған оқиға бейнежазба, куәгерлердің айғақтары және сот-психиатриялық сараптама қорытындысы арқылы расталған. Сараптама қорытындысына сәйкес, әйел туа біткен ақыл-ой кемістігінен зардап шегеді және оқиға кезінде өз әрекеттерінің қауіптілігін түсіне алмаған.
Сот әйелді қылмыстық жауапкершіліктен босатып, оны психиатриялық стационарға мәжбүрлі емдеуге жіберді.
Балалар, соның ішінде зардап шеккен бала да, мамандардың бақылауымен арнайы мекемеге орналастырылған.
Айта кету керек, сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.