Қоғам

«Жағы мен мұрны сынған»: Отардағы әскери бөлімде сарбаз соққыға жығылып, ауруханаға түсті

13:55, 16 ақпан 2026 41

Отардағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі сарбазға қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Гвардейск гарнизонының Әскери полициясы мәлімдеді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Оқиға салдарынан әскери қызметші жақ сүйегінен жарақат алып, Алматы қаласындағы Әскери-клиникалық госпитальға жеткізілген. Қазір оған барлық қажетті білікті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, жағдайы әскери дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, сарбаздың жақ сүйегі мен мұрны сынған. Онда операциядан кейін тиісті деңгейде ем-дом көрсетілмегені, медициналық бақылау болмағаны айтылған.

Сондай-ақ туыстары оның бір пәтерде ұсталғанын білген. Тексеріс барысында жасалған операцияның талапқа сай орындалмағаны анықталған.

Әскери полицияның мәліметінше, «аталған факт бойынша материалдар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазіргі уақытта жан-жақты тексеру жүргізілуде. Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаның, сондай-ақ жарғыға қайшы өзара қатынас фактісі туралы жоғары тұрған қолбасшылыққа дер кезінде баяндамаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда кемшілік жіберген лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі».

Тергеу шаралары кезінде әскери бөлімнің бірқатар лауазымды тұлғалары қызметтік міндеттерін атқарудан уақытша шеттетілді.

Тергеу қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Жағдай Қарулы Күштер басшылығының ерекше бақылауында.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз