Мешітке түскен қаражатқа қатысты ай сайын есеп беріліп отыруға тиіс. Бұл туралы белгілі дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы Erbol Seilkhan ютуб арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Теологтың айтуынша, өңірлердегі өкіл имамдар жылына бір рет мешітке түскен қаражаттың қайда жұмсалғаны жөнінде есеп беріп отыруға тиіс.
Несіне жасырады? Бұның бәрін есеп ретінде өткізу қиын емес, бірақ өткізбесе, онда күмән қоюлана береді. Өйткені түсетін ақша белгісіз. Халықтың «имам қымбат көлік мініп алыпты, имам үй салып алыпты» деген сияқты сөздері пайда болады. Имамдардың өмірін дінге арнаған адам ретінде бұндай заттарға ден қоюы дұрыс саналмайды. Қазақтың дін тарихында ағартушылар, ахундар мен дін таратушыларға халық қаражат жинап көмектесетін. Бірақ олар оны мұқтаждарға тарататын. Неге десеңіз, дін жолында берілген нәрсе Құдай жолына арналуы керек. Имам өзіне керегін ғана алып, қалғанын дін жолына тарататын, – деді Кеңшілік Тышқанұлы.
Оның пікірінше, қазір жағдай мүлдем бөлек.
Қазір біздің имамдар имам болғаннан кейін әртүрлі мықты адамдармен байланыс орнатады. Бір министрдің үйіне барып Құран оқып береді. Бір әкіммен дос болады. Болмаса, бір бизнесменді қажылыққа апарып, сол жерде уағыз айтады. Ал оның имамға пейілі түсіп, «маған дұға қыл, мен саған көмектесем қаржылық жағынан» дейді. Осы кезде имамның дүниеқоңыздығы оянады. Имам кедей болу керек демеймін, алайда егер ол имам болса, оған бизнесмен болудың не қажеті бар, ал егер ол бизнесмен болса, оған имам болудың не қажеті бар? – деді теолог ғалым.
Дінтанушының осы және басқа да маңызды сұрақтарға жауабын сұхбаттың толық нұсқасынан көріңіз.