2026 жылғы 21–23 тамызда Алматы тағы да Орталық Азияның басты музыкалық орталығына айналмақ. Үшінші рет өтетін Park Live Almaty фестиваліне қатысты дайындық басталып кетті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Ұйымдастырушылар толық лайнапты әзірше құпия ұстағанымен, ең маңызды жаңалықты жария етті: 22 тамыз күні әлемге әйгілі Gorillaz тобы Алматыда үлкен сахнаға шығады.
Freedom Ticketon компаниясының коммуникация директоры Азамат Атагелдінің айтуынша, биылғы бағдарлама да әр әртістің бірегейлігі мен мәдени салмағына негізделіп құрылады.
«Фестивальде халықаралық жұлдыздар мен қазақстандық орындаушылар өнер көрсетеді. Қонақтар үш күн бойы әлемдік деңгейдегі лайв музыка атмосферасын сезінеді. Мақсат – Алматыны өңірдегі фестиваль мәдениетінің жетекші орталығына айналдыру және Қазақстанға үлкен музыкалық жобаларды көбірек тарту. Былтыр Park Live Almaty-ға 40 мыңнан астам көрермен келген», – деді ол.
Gorillaz — музыка әлеміндегі ерекше құбылыс. Жобаны музыкант Дэймон Албарн мен суретші Джейми Хьюлетт құрған. Топтың концепциясы төрт анимациялық кейіпкерді және альтернативті роктан бастап электрондық музыкаға дейінгі жанрлардың ерекше үйлесімін қамтиды. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде Gorillaz әлемдік мәдени феноменге айналып, көптеген беделді марапатқа ие болды.
Фестиваль билеттері Freedom SuperApp арқылы сатылымда. Кэшбэк — 22%-ға дейін. Билет бағасы: 40 000 – 200 000 теңге.