$ 444.4
€ 488.97
₽ 5.39

Ғасырлар бойы сақталған қорғандар бүлінді ме? Зайсандағы жағдай тексеріліп жатыр

Редактор
16.11.2026, 11:53
коллаж: bairaqmedia.kz
коллаж: bairaqmedia.kz
Облыс әкімдігінің мәліметінше, 13 қарашада полиция қызметкерлері оқиға орнына барған

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы «Шағаноба» археологиялық кешенінде ауыр техникамен жер жұмыстары жүргізілгені анықталды. Әлеуметтік желіде көне қорғандардың бүлінгені туралы ақпарат тарағаннан кейін полиция мен археологтар тексеру жүргізді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz ШҚО әкімдігінің ресми мәлімдемесіне сілтеме жасап.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, 13 қарашада полиция қызметкерлері оқиға орнына барған. Тексеру барысында кешен аумағындағы бұрын қазылған шұңқырларды көму үшін «SRS» ЖШС-не тиесілі ауыр техника пайдаланылғаны белгілі болды. Оқиға орнында болған азаматтардың жеке басы анықталып, тиісті материалдар полицияда тіркелген.

Сол күні археологтар, тарихи-мәдени мұраны қорғау мамандары, әкімдік пен полиция өкілдері аумақты бірлесіп тексерген. Жер жұмыстарының іздері фото және бейнежазбаға түсіріліп, арнайы акт жасалған. Алайда көне қорғандарға нақты қаншалықты зиян келгені әзірге белгісіз. Әкімдіктің түсіндіруінше, аумақты қар басып жатқандықтан, тарихи нысандардың жағдайын толық бағалау мүмкін болмай отыр.

«2027 жылдың көктемінде қосымша тексеру жүргізіліп, қажет болған жағдайда авариялық-құтқару археологиялық жұмыстары ұйымдастырылады», – делінген әкімдік мәлімдемесінде.

Тексеру материалдарын құқық қорғау органдарына жолдау тапсырылған. Егер заңбұзушылық анықталса, кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту шаралары қабылданады. ШҚО әкімдігі тарихи-мәдени мұра нысандарын заңсыз қазба жұмыстары мен вандализмнен қорғау үшін бақылауды күшейтетінін хабарлады.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау