$ 473.59
 544.68
 5.94

Ерлан Қарин: «Қазақстан картасында жаңа жол пайда болады»

Редактор
03.08.2026, 18:30
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
Жаңа жолдың экономикалық және әлеуметтік маңызы зор

Қазақстанда стратегиялық маңызы бар ірі көлік жобаларының құрылысы басталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі жазбасында мәлімдеді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың рұқсатымен бірнеше маңызды жобаны іске асыру басталған.

«Бүгін үлкен тарихи оқиғаға куә болдық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың рұқсатымен бірнеше стратегиялық маңызы бар жобаның құрылысы басталды. Осылайша, Қызылордадан Сексеуілге дейінгі, Сексеуілден Ұлғайсынға дейінгі жолдар кеңейтіледі. Ал Сексеуілден Бейнеуге дейін мүлде жаңа жол салынады», — деп жазды Ерлан Қарин.

Ол «Бейнеу – Сексеуіл» жолының қажеттілігі туралы Президенттің 2021 жылы Ақтауда өткен жиында айтқанын еске салды.

«Содан бері тиісті есептеулер, зерттеулер, қаржы көздерін нақтылау секілді маңызды мәселелер пысықталды. Міне, бүгін құрылысы басталды», — деді Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.

Ерлан Қарин жаңа жобаның бірнеше ерекшелігі мен маңыздылығына тоқталды.

«Біріншіден, бұл – мүлде жаңа жол. Осыған дейінгі жобалар негізінен бұрын салынған жолдарды жаңартумен, кеңейтумен шектелетін. Ал «Бейнеу – Сексеуіл» – мүлдем жол түспеген бағыт. Сөйтіп, Қазақстан картасында жаңа жол пайда болады», — деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, бұл жоба отандық құрылысшылар мен жол мамандары үшін де үлкен тәжірибе әрі маңызды сынақ болмақ.

«Екіншіден, Қазақстандағы негізгі жолдардың бәрі кезінде оңтүстіктен солтүстікке қарай салынған. Темір жолдардың да, автомобиль жолдарының да негізгі бағыты солай құрылған. Ал Мемлекет басшысы еліміздің транспорттық жүйесін түбегейлі өзгертуде. Яғни, өңірлерді көлденеңнен байланыстыруға назар аударуда», — деп жазды Ерлан Қарин.

Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары жаңа магистральдің Маңғыстау өңірі үшін де ерекше маңызға ие екенін айтты.

«Осыған дейін Ақтауға жету үшін Ақтөбе, Орал, Атырау өңірлерін басып өту керек еді. Бұл қай жағынан болсын, айтарлықтай қиындық тудыратын. Ал төте жол салынғаннан кейін оңтүстік және орталық өңірлердің шалғайдағы Маңғыстаумен байланысы айтарлықтай жеңілдейді», — деді ол.

Оның пікірінше, жаңа жолдың экономикалық және әлеуметтік маңызы зор.

«Тауар, азық-түлік жеткізу мәселесі реттеледі. Адамдардың бір өңірден екіншісіне қатынауы жақсарады. Яғни, «Бейнеу – Сексеуіл» жолының экономикалық қана емес, әлеуметтік маңызы да орасан», — деп жазды Ерлан Қарин.

Оның мәліметінше, Мемлекет басшысы жаңа жолдың облысаралық емес, аймақтық және құрлықтық маңызын ескере отырып, оны «Арал-Каспий магистралі» деп атауды ұсынған.

«Президенттің тарихи маңызы зор бастамасы елдің әлеуетін еселеп арттыратын және игілігін миллиондаған адам көретін жоба болмақ. Қазақстанның прайм эрасы басталғанын осындай өлшемдер де дәлелдейді», — деді Ерлан Қарин.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау