Белгілі журналист Гүлбану Әниятқызы ерекше балалардың аналары туралы айтып, әлеуметтік желіні шулатқан блогер дауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Журналисттің сөзінше, «ерекше балалардың тууына жүргіш ата-аналары кінәлі» деген блогерге сот 78 мың теңге айыппұл салып, босатқан. Алайда блогер парақшасын жауып, қарсы пікір жазғандарды бұғаттап, айыппұлдың ақшасын жұрттан жинап, айтқандарын әрі қарай дәлелдеуді жалғастырып отыр. Оның әрекетін қолдайтындардың көп болуы да алаңдатарлық жағдай деп бағаланды.
Гүлбану Әниятқызының пікірінше, бұл оқиға қоғамның ерекше балалардың ата-аналарына немқұрайлы, кейде қатігез көзқарасын тағы бір рет дәлелдеді. Ол соттың әрекетін сыни тұрғыдан атап өтті:
«Бұл жерде ұсақ бұзақылық емес, адамдардың ар-намысына бағытталған ашық агрессия бар. Сот мұны неге байқамады?»
Журналист ерекше балалары бар ата-аналарды қоғамдағы ең әлсіз топтар қатарына жатқызады.
«Күн сайын күрес, ем-домға ақша табу, ерекше баламен өмір сүру оңай емес. Мұндай жандарды қорлаған адам жеңіл баппен құтылмауы тиіс еді. Сот пен полиция бізді қорғауы керек еді», – деді ол.
Сонымен қатар, Гүлбану Әниятқызы блогердің үстінен Қылмыстық кодекстің 174-бабы («әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік алауыздықты тудыру») бойынша іс қозғауға толық негіз бар екенін атап өтті.
«“Ерекше балалардың тууына жүргіш ата-аналары кінәлі, рухани азғындық” деген сөздеріне құқықтық баға берілмеді. Сотқа бәрібір», – деді журналист.
Гүлбану Әниятқызының айтуынша, «бізде заң бар, бірақ әділет жоқ. Бап бар, бірақ қолданылмайды. Құқық қорғау органдары мен сот формалды түрде ғана әрекет етеді».
Қазіргі таңда «Ерекше балалардың ата-аналарының одағы» ұйымы петицияға қол жинап жатыр. Журналисттің пікірінше, ендігі үміт сол құжатта.