Қазақстан дзюдо федерациясы Әзербайжанның Баку қаласында өтетін ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатысатын ұлттық құраманың тізімін жариялады, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Байрақты бәсекеде ел намысын 15 спортшы қорғайды.
Құрама сапында Олимпиада чемпионы Елдос Сметов жоқ. Ерлер арасында Бақытжан Аман, Шерзод Давлатов (60 кг), Нұрқанат Серікбаев, Асылжан Жұбатхан (66 кг), Есет Қуанов, Ансарбек Ғайнуллин (73 кг), Жалғас Қайролла, Абылайхан Жұбаназар (81 кг) және Данил Крылов (90 кг) татамиге шығады.
Әйелдер құрамасында Әбиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева (48 кг), Есмигүл Қуюлова (63 кг), Аруна Жангелдина (78 кг), сондай-ақ Ақерке Рамазанова мен Камила Берлікәш (+78 кг) өнер көрсетеді.
Қазақстандық дзюдошылар алдымен жеке сындарда жүлдеге таласады. Кейін ұлттық құрама аралас командалық турнирде бақ сынайды.