Қоғам

Екі дәрігер соққыға жығылды, біреуі - реанимацияда. Министр дабыл қақты

10:59, 18 шілде 2025 13

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлерін соққыға жығып, дәрігерлердің өміріне қатер төндірген азаматтарға үндеу жариялады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

         «Сіздерге перзентханада мейіргер, балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде кезекші және ординатор дәрігер болып жұмыс істеген маман ретінде үн қатқым келеді: медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатыңыздар! Негізсіз, ашу мен ызаға бой алдырған қатыгез әрекеттер кезінде өз балаларыңызды, ата-аналарыңызды, жақындарыңызды аман алып қалуға жан салып жүрген дәрігер мен мейіргердің бойын билеген жан жарасы мен қорлығы, қорғансыздығы мен үрейін елестету мүмкін емес. Біз тағы да Қарағанды мен Қостанайда болған екі сорақы жағдайға куә болып отырмыз. Қарағандыда жеке клиниканың мейіргеріне шабуыл жасалды. Қостанай облыстық ауруханасында урология бөлімінің жас хирургі қатыгездікпен соққыға жығылды. Пациент өз кезегін күткісі келмегендіктен, дәрігерді ұрып, есінен тандырған. Қазір дәрігер реанимацияда. Жағдайы – ауыр. Адам өмірін арашалап жүрген жанға қол көтеру үшін адам қаншалықты деңгейде қатігез және мейірімсіз болуы керек?» - деді министр.

      Министр бұл – бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне төнген тікелей соққы деп мәлімдеді.

     «Бұл – тек бір дәрігерге жасалған шабуыл емес. Бұл – ондаған пациенттің қараусыз қалуы, ондаған операцияның кейінге шегерілуі. Бұл – бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне төнген тікелей соққы. Шабуыл жасалған қабылдау бөлімдері – онсыз да қауіпі жоғары аймақтар. Осыған байланысты медицина қызметкерлеріне жасалған шабуыл үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер биылғы қыркүйекте Парламентке енгізіледі. Мұндай әрекеттерді тұрмыстық қақтығыс ретінде емес, қоғамдық қауіпсіздікке төнген қауіп ретінде бағалау қажет», - деді Әлназарова.

     Осы оқиғалардан кейін еліміздегі барлық медицина мекемелерінде күзет күшейтіледі. 

  

«Барлық медициналық ұйым бейнебақылау жүйесімен, күзетпен және дабыл батырмаларымен қамтамасыз етілуі тиіс. Тағы да баршаңызды барлық деңгейде өркениетті қарым-қатынас мәдениетін сақтауға шақырамын. Біз балаларға жас кезінен медицина қызметкерлерінің еңбегін құрметтеуді, алғыс айту мәдениетін үйретуіміз керек. Жапа шеккен әріптесіміздің өмірін сақтау үшін Денсаулық сақтау министрлігі барлық қажетті әрі батыл шара қабылдайтын болады», - деді министр.  

Ақмарал Әлназарова жұмыс кезінде зардап шеккен дәрігердің санитариялық авиациямен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізіліп, ем қабылдайтынын айтты.

 

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз