Маңғыстау облысында үй жағдайында дайындалған ысталған балықты жеген төрт адам ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Олардың арасында 9 жасар бала да бар, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Марал Қадырдың айтуынша, Мұнайлы ауданынан үш ересек адам облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілген. Ал 9 жас 10 айлық бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасының инфекциялық бөліміне жатқызылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, улануға үй жағдайында дайындалған салқын ысталған балық себеп болуы мүмкін. Балықтың ұзақ уақыт тоңазытқышта сақталғаны анықталған.
Зардап шеккендер 17 қыркүйек күні сағат 20:00 мен 21:00 аралығында отбасылық дастархан басында осы балықты жеген.
Аурудың алғашқы белгілері 18 қыркүйек күні кешке пайда болған. Алайда науқастар медициналық көмекке 19 қыркүйекте ғана жүгінген.
Дәрігерлердің мәліметінше, зардап шеккендердің жүрегі айнып, бірнеше рет құсқан. Кейін олардың жағдайы күрт нашарлаған.
«Ауруханаға түскеннен кейін олардың жағдайы ауыр деп бағаланды. Негізгі белгілердің қатарында әлсіздік, бас айналу, жұтынудың және көрудің бұзылуы, тамақтың құрғауы, көздің бұлдырауы мен қосарланып көру, сондай-ақ сана бұзылыстары бар», – деді Марал Қадыр.
Қазіргі уақытта зардап шеккендердің барлығының жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
Дәрігерлер оларға қарқынды детоксикациялық және симптоматикалық ем жүргізіп жатыр. Сондай-ақ науқастарға ботулизмге қарсы арнайы сарысу енгізілген.
Алдын ала болжам бойынша, улану ысталған балықты тұтынумен байланысты болуы мүмкін. Алайда оның нақты себебі әзірге түпкілікті расталған жоқ.