Түркістан облысы Арыс қаласында мас күйде көлік жүргізген әйелдің қатысуымен болған жол апаты салдарынан үш адам қаза тауып, тағы үш адам жарақат алды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Марқұмдардың бірі – 29 жастағы Айшолпан Шәріпбек пен оның екі жасар ұлы. Сонымен қатар бес жасар қыз бала да оқиға орнында көз жұмған.
Қаза болған келіншектің қайын ағасы Ғани Айдаровтың айтуынша, соққы өте қатты болған.
«Біздің баламыз бен келініміз кетті. Көрші келініміздің бес жасар қызы кетіп отыр. Кішкентайымызды топырақтың астынан тауып алдық. Келінімізді машина ұшырып жіберген», – дейді ол.
Марқұм Айшолпанның енесі Ағайша Манатованың сөзінше, қайғылы оқиға балалардың көз алдында болған.
«Балалар көрген ғой, бәрі көрген. Кеше түнде жатқалы жатсақ, "мамам қане, мамам қане" деп жатыр. Енді өне бойы менің жүрегімді тіліп өтеді. Осылар қор болмай өссе екен деп тілеймін», – дейді ол.
Ал Арыс аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Айдар Акбаровтың мәліметінше, бір жарым жастағы бала ауыр жағдайда жеткізілген.
«Миы шайқалған. Оң жақ кеуде тұсының көптеген жабық сынығы бар, сол жақ санының жабық сынығы анықталды. Жарақаттан ауыр шок күйде келді. Қазір жағдайы қалыпты», – дейді дәрігер.
Полиция мәліметінше, жол апатын жасап, оқиға орнынан кетіп қалған 52 жастағы әйел ұсталып, екі айға қамауға алынған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.