Египеттің «Al-Ahram» газетінің дипломатия және халықаралық қатынастар мәселелері жөніндегі редакторы Амр Йехия Саллам алдағы саяси өзгерістер мен олардың ел үшін мәні туралы өз пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
«Өзімнің тәжірибеме және Қазақстан туралы жазған материалдарыма сүйене отырып, елдің одан әрі демократиялану бағытында маңызды қадамдар жасап жатқанына сенімдімін. Құрылтай сайлауы – екіпалаталы парламенттен бірпалаталы жүйеге өтудегі маңызды қадам», — деп атап өтті ол «Қазақстан және жаңа еуразиялық ландшафт: стратегиялық серіктестіктер, өзара байланыс және экономикалық мүмкіндіктер» дөңгелек үстелінің кулуарында.
Журналисттің пайымдауынша, парламенттің жаңа үлгісі заң шығару процесінің тиімділігін арттыруға ықпал етуі мүмкін.
«Бұрынғы жүйе екі палатадан — Мәжіліс пен Сенаттан тұрды. Жаңа конституциялық өзгерістер мен бірпалаталы Құрылтайға өту жұмысты одан әрі тиімді етуге және Қазақстан халқының мүддесі үшін заңдарды қабылдауды жеделдетуге мүмкіндік береді», — деп есептейді Саллам.
Сонымен қатар сарапшы жаңа парламенттің атауына да назар аударды. Оның пікірінше, «Құрылтай» сөзі заманауи саяси институттардың елдің тарихи әрі ұлттық мұрасымен байланысын айшықтайды.
«"Құрылтай" атауының өзі Қазақстанның ұлттық тарихи мұрасынан бастау алады. Бұл қазақ халқының бай тарихи мұрасын қайта жаңғыртып жатқандығын білдіреді», — деп түйіндеді ол.