$ 482.49
 556.75
 5.79

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аурулардың жіктемесін қазақ тілінде шығарды

Редактор
14.02.2025, 20:35
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аурулардың жіктемесін қазақ тілінде шығарды
Бұған дейін құжат 10 тілге аударылған

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) алғаш рет ресми түрде қазақ тіліндегі нұсқасын қамтитын 11-ші қайта қаралған аурулардың халықаралық жіктемесінің (АХЖ-11) жаңартылған нұсқасын ұсынды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Бұл медициналық деректердің дәлдігін, егжей-тегжейін және үйлесімділігін арттыруға ықпал ететін Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы маңызды қадам. Қазір 132 елі АХЖ-11 енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл ретте қазақ тілі АХЖ-11 ресми аударылған 11-ші тілге айналды. Бұған дейін ағылшын, испан, орыс, өзбек және басқа да бірнеше тілдердегі нұсқалары шыққан.

АХЖ-11 аурулар мен денсаулыққа қатысты мәселелерді жіктеу мен кодтаудың жаһандық стандартын білдіреді. Құжатта жарақаттардың, аурулардың және өлім себептерінің шамамен 55 000 бірегей коды бар. Ол медициналық құжаттаманы жүргізуді стандарттауға, аурулардың нақты есебін қамтамасыз етуге және ұлттық және халықаралық деңгейде деректермен алмасуды жеңілдетуге мүмкіндік береді. 

«АХЖ-11 қазақ тіліндегі нұсқасы статистика мен сырқаттанушылықты талдау процесін жақсартуға, эпидемиологиялық ақпаратты жинауға және есепке алуға мүмкіндік береді, бастапқы буындағы медициналық-санитариялық көмекті жақсартуға ықпал етеді, профилактика және емдеу мәселелерін сапалы реттеуге жәрдемдеседі, медициналық деректерді елде және шетелде бірдей түсіндіруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсембаева.
Оның айтуынша, қазақ тілін АХЖ-11-ге қосу – Қазақстан үшін маңызды қадам. Бұл медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, медициналық құжаттама мен статистикалық мәліметтердің сапасын арттырады.