Аймақ

«Денесін пышақпен тілген»: Қызылордада 15 жастағы қыз зорланды

15:25, 05 желтоқсан 2025 33

Қызылорда қаласында 15 жастағы жасөспірім өзін зорлаған жігіттің қатаң жазалануын талап етіп отыр. Айтуынша, колледж студенті, 21 жастағы жігіт оны қорқытып, танысының үйінде бірнеше рет арам ойын іске асырған, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Жәбірленушінің анасы да бұл деректі растап, кәмелет жасына толмаған қызының соққыға жығылып, денесі пышақпен тілінгенін айтады. Жаға ұстатарлық оқиға туралы жеткіншектің өзі әріптесіміз Абай Нұржанұлына айтып берген.

Жасөспірім жігітпен жазғы демалыста бірге жұмыс істеп жүргенде танысқанын жеткізді. Кейін екеуі араласып, бір күні таныстарының үйіне бірге барған. Қыз сол жерде алғаш рет зорланғанын айтады. Оның сөзінше, жігіт арам ойын іске асырғаннан кейін қоқан-лоқы көрсетіп, ешкімге айтпауын талап еткен.

ЖӘБІРЛЕНУШІ:
«Сол бөлмеде құлыптап алып, менің аяқ-қолымды қатты қысып ұстап зорлады. Содан кейін үйге апарып тастады ол. Сол кезде айтты маған біреуге айтатын болсаң, аямаймын деп. Сосын қорыққанымнан ешкімге ештеңе айта алмадым. Қорқынышпен жүре бердім әрі қарай.»

Қыздың айтуынша, азғындық әрекет бірнеше рет қайталанған. Ал анасы Эльмира Жүсіпбекова бұл жағдайды алғаш рет өзгеден естігенін айтады. Әйелдің сөзінше, жігіт сол кезде кешірім сұрап, қызға ғашық екенін және үйленгісі келетінін айтып келген. Осыдан кейін анасы құзырлы органдарға хабарлаудың орнына қызының дәрменсіз халін ескеріп, оны жігітке тұрмысқа берген. Алайда бұл шешіміне қатты өкінетінін жеткізді.

ЭЛЬМИРА ЖҮСІПБЕКОВА, жәбірленушінің анасы:
«Түнде жататын кезімде мама түнім ұйқысыз өтеді дейді. Қорқатын едім дейді. Теуіп тастайтын дейді. Белімнен де тепті, жамбасымнан да, ішімнен де тепті дейді. Сол кезде үйінде тұратын бір бала бар екен. Соған “ұр мынаны” депті. Ол бала да шапалақпен ұрған екен. Соның бәрін ішіп істеп отыр мына бала. Одан кейін қолдарын тілген саусақтарын.»

Оқиға бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр. Күдікті қамауға алынған.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
«Кәмелетке толмаған қызға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті дереу ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасуда.»

АБАЙ НҰРЖАНҰЛЫ, тілші:
Жалғызбасты ана Эльмира Жүсіпбекованың жеті баласы бар. Ал жәбір көрген қызы — колледждің бірінші курс студенті. Анасының айтуынша, қыз қорлықтан соң қатты күйзеліске түскен. Сондықтан ол тергеудің әділ жүргізіліп, күдіктінің ең қатаң жазаға тартылуын талап етеді.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз