TikTok-та бата бергені үшін немерелері әжелерінің аяғынан сүйіп жатқан видео қызу талқыға түсті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Орта жастағы Гүлбаһар есімді әйел өзінің парақшасында отбасындағы осы әдетті бейнелейтін видеомен бөліскен.
“Дастархан басында бата берсем, балам алғыс ретінде аяғымнан сүйеді. Ал немерелерім соны көріп, қайталайды”, – деп жазды ол.
Бейнеролик қоғамда екі түрлі пікір туғызды. Бір бөлігі бұл әрекетті дәстүр мен дін тұрғысынан қолдаса, енді біреулері мұндай қадамның балалар психологиясына кері әсері барын алға тартты.
“Бұл ақымақтық”, “Діннің атын жамылып жүргендер осылай жасайды”, “Жұмақ ананың табанының астында дегенді тура мағынасында түсінген сияқты”, “Біздің менталитетке жат нәрсе”, “Балалар болашақта зардап шегуі мүмкін”, “Бұл — шектен шыққан құрметтің белгісі”, – деген сынды пікірлер жазылды.
Желі қолданушыларының айтуынша, балалар бұл әрекетті саналы түрде емес, үлкендерден көріп қайталауда.