$ 488.59
 564.37
 6.79

БҚО-да үш түлек суға батып кетті: куәгерлер оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Редактор
11.06.2026, 11:10
Фото: qaz365.kz
Фото: qaz365.kz
Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. 

Батыс Қазақстан облысында мектеп бітіру емтихандарының аяқталуын атап өтпек болған үш түлек суға батып кетті. Қайғылы оқиға 9 маусым күні кешке Жаңақала ауданының Жаңақазан ауылында болған. Qaz365.kz порталы оқиғаның мән-жайын анықтады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, жасөспірімдер Кіші Өзен өзенінің шомылуға тыйым салынған, арнайы жабдықталмаған бөлігінде суға түскен. Салдарынан 17 жастағы Ұлдана Рафих, 16 жастағы Гүлхан Тұраш және 16 жастағы Нұртас Жолдығали көз жұмды.

Алдын ала дерекке зер салсақ, оқушылар мектептегі қорытынды емтихандардың аяқталуын атап өту үшін өзен жағасына барған. Оқиға орнына жақын жүрген басқа жасөспірімдер алғашқы болып бір баланың денесін судан шығарып алған. Кейін жергілікті тұрғындар тағы екі марқұмның денесін жағаға алып шыққан.

Сағат 19:25-те екінші, ал 19:42-де үшінші мәйіт судан шығарылғаны хабарланды.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, балалар жақын маңдағы табиғат аясына барған болуы мүмкін.

«Обал болды. 3 оқушы да жақсы оқитын оқушы екен. Ауылдық жерде аудан орталығына қарағанда оқушы аздау болады ғой. Бір сыныптан 9 түлек бітіреді екен. 8 қыз, 1 ұл. Амал қайсы енді? Бесеуі табиғат аясына шыққан. Алысқа емес. Сол үйдің айналасы сияқты. Білмеймін. Өздері өзен жағасында тұрады ғой. Айдынның жағасында тұрады. Соған барды ма? Қайда барғандарын білмеймін. Әйтеу, "қыздарды құтқарамын деп бала да бірге кетті" дейді. Кеше осы әбден кешке біреуінің сүйегі табылмай жатыр деді. Ұл мен қыздың жаназасы ертең деп салып қойған. Білмеймін енді. Тірі қалған екеуіне де маза бермей жатқан болар. Полиция бәрі барады ғой енді. Обал болды. Әбден мектеп бітіріп, азамат болды деп жатқанда»— деді ауыл тұрғындарының бірі. 

Тағы бір тұрғын оқиғаның қалай болғаны жөнінде қысқаша айтып берді.

«3 қыз, 2 бала шыққан ғой. 5 бала. Кетіп қалған бір қыз учаскелік полицияның қызы ғой деймін. Соның үлкен 2007 жылғы баласы Niva автокөлігімен алып барған. Бала қайдан білсін енді. "Өздері суға түседі ғой" деп көлікте отырған. Ол бала білмейді. Содан бататыны батқан. Екеуін құтқарып алып қалады. Үшеуі батып кеткен. Соның ішінде өзінің қарындасы да кеткен. Өкінішті ғой. Балаға да қиын болды. Құдай басқа салмасын», — деді ауыл тұрғыны.

Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Құзырлы органдар істі қолға алды.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау