ҚР Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы қазақ халқының тарихи жолы мен бүгінгі жағдайы туралы пікір білдіріп, қазақты «бақытты әрі жасампаз ұлт» деп атады, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Оның айтуынша, қазақстандықтардың өз болмысынан ұялып немесе өзге халықтардың алдында қуыстануына ешқандай негіз жоқ. Қазақ елі бүгінде көрші мемлекеттермен де, әлемнің басқа елдерімен де терезесі тең тәуелсіз мемлекет.
«Біз ешкімнен кем емеспіз. Көршілерімізбен де, басқа мемлекеттермен де тереземіз тең. Өзімізден ұялып, өзгеден қуыстанып жүретіндей ештеңе жоқ», – деді Берік Әбдіғалиұлы.
Ұлттық музей директоры қазақ халқының тарихында ауыр әрі қайғыға толы кезеңдер аз болмағанын да атап өтті. Соған қарамастан, ұлт барлық тарихи сыннан өтіп, өзінің болмысын сақтап қала алды.
«Тарихта қайғыға толы кезеңдерді бастан өткергеніміз рас. Өйткені біз содан өттік, өзімізді, ұлтымызды сақтап қалдық. Ал жоқ болып кеткен қаншама ұлт бар. Қазір өзінің туы, жері, мемлекеті жоқ халықтар да бар. Сондықтан біз – бақытты әрі жасампаз ұлтпыз», – деді ол.
Берік Әбдіғалиұлының сөзінше, өз жері, туы мен тәуелсіз мемлекетінің болуы – қазақ халқының тарихи жетістігінің бірі.