Желіде Солтүстік Қазақстан облысында 5 жасар қыздың өмірін қиған өрт туралы ақпарат жарияланды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Telegram-дағы Halyqstan арнасының хабарлауынша, 18 қаңтарда кешке Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданындағы Ольшанка ауылында өрт шықты.
"Пәтерлердің бірінде 33 жастағы әйел мен 31 жастағы ер адам, сондай-ақ әйелдің бес жасар қызы тұрған. Отбасы әлеуметтік жағдайы төмен отбасы ретінде тіркелген. Алдын ала ақпарат бойынша, ересек адамдар үйде пешке от жағып, баланы үйде жалғыз қалдырып, қонаққа кетіп алған", - делінген жазбада.
Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің NUR.KZ тілшісіне хабарлауынша, 18 қаңтарда кешке 112 жедел жәрдем қызметіне Қызылжар ауданының Ольшанка ауылындағы жеке үйде өрт шыққаны туралы қоңырау түскен. Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері оқиға орнына дереу жеткен.
"Өрт сөндірушілер келген сәтте үй толығымен жалынға оранып, шатыры ортасына құлап түскен. Өртті сөндіру кезінде кәмелетке толмаған баланың денесі табылды", - деп хабарлады департамент өкілдері.
Департамент басшылығы оқиға орнында. Төтенше жағдайлар департаментінің психологиялық қызметі баланың анасына қажетті көмек көрсетуде.
Өрт Төтенше жағдайлар департаментінің 35 қызметкері мен 11 техникасының күшімен толығымен сөндірілді. Өрттің алдын ала себебі - пеш жылыту жүйесін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы.