Қоғам

«Баламды кіші дәретке жіберіп қойғаны үшін ұрды»: Таяқ жеген бүлдіршіннің әкесі мән-жайды айтты (ВИДЕО)

10:39, 20 қаңтар 2026 69

Жетісу облысы Жаркент қаласында 4 жасар баласын аяусыз соққыға жыққан әйелге қатысты оқиғаға байланысты оның күйеуі жағдайдың қалай болғанын stan.kz тілшісіне айтып берді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желіде 5 жасар баланы жылу батареясына байлап қойып, аяусыз соққыға жыққан ананың видеосы тараған болатын. Балалардың әкесінің айтуынша, бейнежазбаны отбасымен бірге тұратын танысы түсірген. Анасы үлкен ұлы кіші дәретке жіберіп қойғандықтан, бетінен тепкілеп, баланы аяусыз жазалаған.

“Үйде сыныптас қыз бар, видеоға сол түсірген. Мен дүкеннен келгеннен кейін маған оңашада видеоны көрсетті. Мен видеоны көрдім, бірақ әйелімнен не үшін ұрдың деп сұраған жоқпын. Сосын мен видеоны жан-жаққа жібере бастадым”, – дейді балалардың әкесі Таир Курваншанов.

Таир Курваншанов пен әйелі Марияның ортақ екі баласы бар. Ер адамның айтуынша, әйелдің психологиялық диагнозы бар және мұндай жағдай бұған дейін бірнеше рет қайталанған.

“Жақында бастады. Екі-үш ай болды. Бұған дейін барлығы жақсы болған, балаларды ұрмайтын. Анда-санда беттерінен шапалақ ұрып қояды. Балағаттап жібереді. Кейде сұраймын, балалардың қолына не болған деп, балалар бір-бірімен төбелесті дейді. Сосын біреуінің беті көгерді, тағы не болды деп сұрадым, тағы бір-бірімен соғысып қалды дейді. Мән бермейтінмін, жұмыстамын ғой. Бірақ, екі баланың бір-бірінің бетін көгертуі мүмкін емес қой. Психологиялық, үшінші топтағы мүгедіктегі бар”, – дейді балалардың әкесі.

Ер адам келіншегінің соңғы екі айда күрт өзгеріп, көзіне шөп салған соң, 15 күн бұрын ажырасуға өтініш тастағанын айтады.

“Заңды некедеміз. 10-15 күн бұрын ажырасуға өтініш тастадым. Ана құқығынан айырылсын, екі бала менде қалсын, мен әкесімін ғой”, – дейді ер адам.

Видео желіге тарағаннан кейін полиция тексеріс жүргізіп, 28 жастағы әйелдің балаға дене жарақатын салғанын анықтаған. Осыған байланысты қылмыстық іс қозғалып, әйел полиция бөлімшесіне жеткізілген.

Баласына қатігездік танытқан әйел 28 жаста, күйеуі 30 жаста. Екеуі де Жаркент қаласындағы №4 арнайы мектеп-интернатында тәрбиеленген. Әйел ата-анасынан жетім болса, күйеуі ата-ана қамқорлығынсыз қалған.

“Ерлі-зайыптыда жеңіл ақыл-ой кемістігі, жеңіл зерде бұзылысы диагнозы болған. Психоневрологиялық диспансерлік есепте тұрады. Бұл отбасыны полиция қызметкері 18 қаңтар күні түнгі сағат 23:30 шамасында Отбасын қолдау орталығына жеткізді. Балалар медициналық тексеруден өткізілді. Анасы полиция бөлімшесінде қалды”, – дейді қалалық әкімдіктегілер.

Балалардың бірі 4 жаста, екіншісі 2 жаста. Қазіргі таңда олар Жаркент қаласындағы отбасыны қолдау орталығына орналастырылған.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз